Ақтауда күзетші құны 1 млн теңгеден асатын спиртті ішімдіктерді қолды еткен

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда күзетші құны 1 млн теңгеден асатын спиртті ішімдіктерді ұрлаған. Ал виски, текила, коньяк сияқты қымбат өнімдерді ол көшеде кездейсоқ азаматтарға сатып жүрген. Бұл туралы Ақтау қалалық сотының судьясы Аида Бұлақбаева мәлім етті, деп жазады tumba.kz.

Іс материалдары бойынша, 32 жастағы Г. Өмірзақ ауылында өндіріс базасын күзететін. Оның спиртті ішімдіктер тұрған қоймаға кіруге рұқсаты болған және ол осы мүмкіндікті пайдаланған. Үш айда ол абсент, арақ, виски, мартини, шарап, шампан сияқты өзге де спиртті ішімдіктердің бірнеше жәшігін ұрлаған. Келтірілген шығын 1 302 294 теңгені құрап отыр. Үш айдан соң ішімдіктердің жоғалғаны белгілі болған. Күзетші де сол кезде ұсталды.

Айыпкер өзінің істегендерін толық мойындаған. Ол ұрлаған ішімдіктерді көшеде бейтаныс адамдарға сатқанын айтқан. Бұдан бөлек күзетші базадан қара металды да ұрлаған және оны метал сынықтарын қабылдау орындарына өткізіп жіберген. Г. өзінің айыбын мойындап, шығынды иесіне өтейтінін айтып, соттан қатаң жаза қолданбауды сұрады.

«Айыпкер кінәлі екендігін өзі мойындады және оның әрекетінен зардап шеккен азаматтың дәлелдері мен өзге де материалдар Г-ның айыпты екендігін көрсетіп отыр. Жалпы алғанда оның айыбы өзі мойындамаса да дәлелденетін еді. Ол үкімнің қатаң болмауы үшін бәрін жасады. Алайда, зардап шеккен азамат оны кешірмей отыр. Өйткені ол шығынды өтемеген. Енді оған ҚР ҚК-нің 188 бабы 3 бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Яғни ол бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде иесіне білдірмей ұрлады», - деді Аида Бұлақбаева.

Айыпкерді сот кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілей отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Соңғы жаңалықтар