Ақтауда Каспий теңізінің мәртебесі тағы талқыланды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат- Қазақстан мен Ресей сенаторлары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау мәселесін талқылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда өткен Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының 13-ші отырысында Каспийдің экологиясы, туризмді дамыту және теңіз жағасында жатқан елдердің сауда- экономикалық қатынастары мен әріптестігін нығайту мәселелері қаралды. Жиынға Иран Ислам Республикасының өкілдері де келді.

«Құжатта теңіздің сутабаны, табиғи ресурстар, әуе кеңістігі, құбырлар мен кабельдер төсеу, теңіздің биологиялық ресурсын қорғау сияқты мәселелер қарастырылған. Каспий - бейбітшіліктің ордасы болуы тиіс. 5 ел өзара тиімді диалог орнатуы қажет. Мұнда өзге мемлекеттердің қарулы күштеріне орын жоқ, себебі біз достықты қолдаймыз. Экология жақсарып, инвестиция тартылады. Транзит сияқты өзекті сұрақтар бар»,-деді ҚР Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов.

Маңызды жиында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова аймақтың әлеуетін таныстырды.

«Облыс - транзиттік хабқа айналды. Ақтау порты мен Құрық порты арқылы жылына 10 миллион тоннадай жүк тасымалданады. Орта Азия мен Еуропаға қарай жол аштық. Сондай-ақ, Ақтау әуежайы да маңызды сипатқа ие. Жылына 850 мың жолаушы аттанады. 7 ішкі бағытта, 14 сыртқы бағытта рейстер бар. Тағы Дубайға бағыт ашу жоспарланған»,-деді Шолпан Ілмұxанбетова.

Еске сала кетейік, Ақтауда бесінші Каспий саммиті отырысының қорытындысы бойынша, Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан және Түрікменстан президенттері Каспий теңізінің мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар