Ақтауда «Кәсіподақтық көшбасшы мектебі» іске қосылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен біріге отырып, «Кәсіподақтық көшбасшы мектебі» жобасын іске қосты.

Өңірдегі 25 кәсіподақтың басшысы алты айлық оқыту курсын «Кәсіподақтық көшбасшылық: бір адым алда» тақырыбындағы модульден бастады.

nullҚазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров Мектептің тұсаукесерінде, «қазір дүниежүзіндегі барлық кәсіподақтар өзгерістерге бейімделуге талпынып, заман талабына сай білім алуға ұмтылады. Біз де әлемдік трендтерден қалмауға тырысамыз. Бүгін міне, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығымен бірлесіп, «Кәсіподақтық көшбасшы мектебін» аштық. Осы жоба еліміздегі кәсіподақтарды дамыту ісіне сүбелі үлес қосады деген ойдамыз», - деп атап өтті.

nullКәсіподақтық көшбасшы мектебі - кәсіподақ қызметкерлерінің кәсіби деңгейін, олардың елдің тұрақты дамуына үлесін арттыруға бағытталған Қазақстандағы алғашқы кешенді білім беру жобасы.

«Бүгін бірінші модуль бойынша оқытуды бастадық. Барлығы алты модуль болмақ. Жобаны Маңғыстау өңірінде бастаудың себебі де жоқ емес. Маңғыстаулық кәсіподақшылар елге білгір әрі мықты мамандар ретінде танымал», - деп атап өтті өз сөзінде Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының бас директоры Ербол Исмаилов.

Кәсіподақ көшбасшылары алты айдың ішінде кәсіподақтық менеджмент, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу, коммуникациялар, қаржы және құқықтық сауаттылық, қызметкерлерді басқару, дау-дамайларды шешу саласындағы заманауи құралдарын игереді. Келесі топ Астана қаласында құрылып, оқуын үстіміздегі жылдың маусым айында бастайтын болады.

Еске сала кетсек, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығы 2017 жылғы 4 мамырда «Әлеуметтік әріптестік орталығының» негізінде құрылған. Орталықтың мақсаты - «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобында әлеуметтік өзара ықпалдастық пен коммуникациялардың алдыңғы қатарлы тәжірибелерін дайындау және енгізу арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастарын басқару мен коммуникациялардың тиімділігін арттыру.

 

Соңғы жаңалықтар