Ақтауда қандала улаймын деп 6 жасар баланың өліміне себепші болған тұрғын сотталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда үйіндегі қандаланы улаймын деп, салдарынан көрші үйдің 6 жасар баласы көз жұмған ақтаулық тұрғынға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келеңсіз жағдай осыдан бір жыл бұрын болған еді. 13-шағын аудан 9-үйдің тұрғыны үйін «Квикфос» дәрісімен улап, көршілеріне ескертпестен кетіп қалған. Әр бөлмеге 4 таблетканы салып, вентиляция жүйесін жапқан. Мамандардың айтуынша, аталған дәрі тұрғын үйге арналмаған. Салдарынан жоғары қабаттағы көршінің 3 бірдей баласы уланып қалған еді.

«Бір үйдің 4, 5 және 6 жастағы үш баласы облыстық көпбейінді ауруханаға түскен. Ол жерге жедел жәрдем қызметі жеткізген. Алайда, өкінішке қарай, ағайындылардың үлкенін дәрігерлер аман алып қала алмады. Дәрігерлер тиісті көмек көрсеткенімен бүлдіршіндердің бірі ес жимастан қайтыс болды. Қандаланы улау кезінде балағана емес, химиялық заттар улы болғандықтан ересектер де өліп кетуі мүмкін»,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрбол Окуов.

Сол сақтық шаралары болмағандықтан қайғылы жағдай орын алды. Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабы 1-бөлімі бойынша іс қозғалған. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылды.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық атқару қауіпсіздігінің барынша төмен мекемелерінде өтейді»,-дейді Ақтау қалалық сотының судьясы Аида Бұлақбаева.

Ал, сотталушы бұл үкіммен келіспейді. Ол қорғаушысымен аппелециялық сотқа арыз берген. Алайда, 23 қаңтарда болған аппеляциялық сот бұл арызды қанағаттандырмай, үкім өз күшінде қалды.


Соңғы жаңалықтар