Ақтауда химиялық зауыттың құрылысы басталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда химиялық зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов «Ақтау - теңіз сауда порты» арнайы экономикалық аймағында мұнай өндірісінде пайдаланатын химиялық қоспаларды шығаратын зауыт құрылысымен танысты. Өнеркәсіп құрылысын «Topan Chemical Industries» компаниясы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізеді. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, барлық рұқсат құжаттарын алған.

Аймақ басшысы жұмыстың алғышқы кезеңімен танысып, мердігерге құрылыстың сапасына баса назар аударып, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

«Topan Chemical Industries» ЖШС директоры Ғайса Жұмалиевтің айтуынша, техникалық жабдықтар жеткізетін итальяндық компанияға алдын ала төлем жасалынып қойған. Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін қазақстандық компаниямен келісімшартқа отырған.

Негізгі өндірістік ғимараттардың құрылысын 2022 жылдың 1 тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал 2022 жылдың соңына қарай компания техникалық жабдықтарды орнатып, химия зауытының бірінші кезегін іске қосуды көздеп отыр.

Құрылыстың екі кезеңі толық аяқталғаннан кейін зауыт жылына 15 млрд теңгеге өнім шығаратын болады. Жаңадан 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Аталған кәсіпорын шетелден әкелінетін химиялық өнімдердің импортын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді және қазақстандық өндірістерді химиялық өнімдерімен толықтай қамтамасыз етеді.


Соңғы жаңалықтар