Ақтауда халықаралық «Caspian Startup-2023» байқауы қорытындыланды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Caspian Startup-2023» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2023 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстаннан 200-ден астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.

Финалдық турға қатысушылар өмір сүруді жақсартатын IT-стартаптарды ұсынды.

«Биыл бесінші рет өткізіліп отырған байқауға өтініш білдірген жобалар санын өткен жылмен салыстырар болсақ екі есе көп. Бұл оқушылардың ғылымға, IT саласына деген қызығушылығының айқын белгісі. Байқауға қатысқан әр жас стартаперден үлкен үміт күтеміз», - деді Ақтаудағы зияткерлік мектептің директоры Ринат Жұмабаев.

Екі іріктеу кезеңнен сүрінбей, ақтық сайысқа жолдама алған ең үздік авторлар бизнес, білім беру, медицина, IT және басқа да сала кәсіпқойларынан іріктелген беделді қазылар алқасының алдында өз жобаларын қорғады.

Байқау нәтижесі бойынша «Skincare AI» жобасы «Caspian Startup-2023» халықаралық байқауында жеңіске жетті. Авторлары Астанадағы NIS IB оқушылары Дәрмен Аусарбеков, Томирис Ыдырысбаева, Арай Камалиева, Аделия Айтпаева, Амир Жақсылық, Аян Арманұлы.

Ораз Қайыржан, Нұрсұлтан Зинуллин, Нұрдәулет Базарғали, Махамбет Өтепқали құрған Орал қаласынан келген команда «DEO-1» ауыл шаруашылығына арналған көпфункциялы дрон жобасын әзірлеп, екінші орынды иеленді.

Қола жүлдені Талдықорған қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Виктор Кахноның «SeeTheFuture» жобасы мен түркістандық NIS командасының «TauFind» жобасы бөлісті. Авторлары Алпамыс Сартай, Диас Асылбек, Әли Пайзхан, Жарқынбек Жайлыбек.

І орын жеңімпазына 150 000 теңге, ІІ орын 100 000 теңге, ІІІ орын иегеріне 50 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Әлеуметтік жобаларға баса назар аударылған байқау қатысушыларына еліміздегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының білім гранттары табысталды.

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің гранты берілді (аталған әрбір қатысушы үшін грант): Виктор Кахно «SeeTheFuture» (Талдықорған NIS), Александр Цюпай, Сергей Трефилов «Aureamilium» (Қостанай қаласы білім бөлімінің физика-математикалық лицейі), «Оqyrman AI» жобасы Әділ Шаяхметов, Әбілмансұр Алимбаев, Мансұр Сайран, Альмубди Мутайхан, Сұлтанби Исатай (NIS Қарағанды).

Қазақ-Британ техникалық университетінде оқуға мүмкіндік алған қатысушылар: Виктор Кахно «SeeTheFuture» (NIS Талдықорған), Мутайхан Альмубди «Оqyrman AI» NIS Қарағанды (грант жобаға берілді), Амина Асадова «Robobin» (Әзербайжан, Баку қаласы, ағайынды Новрузовтар атындағы №36 мектеп).

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті: Нұрсұлтан Зинуллин 100% грант (NIS Орал), Раушан Тұрғанбай 75% грант (Қызылорда NIS), Мутайхан Альмубди 50% (Қарағанды NIS).

Сондай-ақ Маңғыстау облыстық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Марал Қадыр «ExoGlove» (Ақтау NIS), «DolphEYE» (Ақтау NIS), «Fingerprintrecognition» (Қызылорда NIS) жобаларына арнайы сыйлығын табыстады.

Qazaqedu.сom онлайн академиясының директоры Дина Фатих Қостанай қаласынан келген «Oñayoqu» жобасы, оралдық оқушылардың «DEO-1» жобасын әрқарай дамытуға көмек беретінін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар