Ақтауда еріктілер үйсіз адамдарды тамақтандырды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - «Біз адамбыз - біз біргеміз» қоғамдық қорының бастамасымен бір топ полицейлер, мемлекеттік қызметшілер тұрғылықты мекені жоқ адамдарға ыстық тамақ берді,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үйсіз жүрген 60 шақты адамға ыстық сорпа, салат, тосап пен шәй берілді. Сондай-ақ, кейбіреулеріне киім-кешек үлестірілді. Қуаныштарында шек жоқ, алғыстарын айтып, кеткілері келмеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, еріктілерге ауа райы кедергі болмаған, қар жауып, күн кенеттен суытса да еріктілер тарқамай, тамақ ішуге келгендерді тамақтандырды.

«Біздің қордың ұйымдастыруымен бұрын көпбалалы аналарға көмектесетін едік. Енді оларға мемлекет қолдау беруде, сондықтан қазір біз көмекті тоқтаттық. Оның орнына жалғызбасты зейнеткерлер мен үйсіз адамдарға көмектесеміз»,-дейді Иманғазы Досмұханбетов.

Бұл шара жергілікті атқарушы органдар, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі және еріктілер тарапынан қолдау тапты.

Болашақта қордың ұйымдастыруымен әлеуметтік бейімдеу орталығы өз жұмысын бастамақ. Ғимарат бөлініп дайын тұр. Онда денсаулығы сыр беріп, мүгедектік рәсімдегісі келген жандардың құжаттарын жинақтап беру, сонымен қатар зейнеткерлікке шыққандарға зейнетақысын алып беруге көмектесу көзделген. Еңбекке жарамдылар болса, оларды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі де қолға алынбақ. Әлеуметтік бейімдеу орталығына алдымен күрделі жөндеу жүргізіліп, қажетті көлік және жиһазбен қамтамасыз етілетін болады. Психолог мамандарды тарту жоспарда бар.




Соңғы жаңалықтар