Ақтауда директор мен тәрбиешінің «төбелесі»: Ата-аналар ақшаларын қайтаруды талап етті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда директоры мен тәрбиешісі «төбелескен» балабақшаға балаларын берген ата-аналар төлеп келген ақшаларын қайтаруды талап етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір топ ата-ана «Айналайын» балабақшасының алдына жиналды. Олар мекемеде болған жағдай салдарынан балаларға моральдық нұқсан келді деп санайды. Айтуларынша, төбелестің куәгері болған балалар бірнеше күннен бері мазасыз, ұйқылары тынышсыз. Сөздеріне сенсек, балдырғандар балабақшада 10 күн бойы дұрыс тамақтанбаған.

«Балаларым балабақшадан соң үйге келгенде асқа жүгіреді. Бұл қалай? Олар кішкентай порция жеген. Неге қарамайды? Балабақшаға бейнебақылау қойылып, тыңдалатын құрылғылар орнатылсын. Ең болмаса, кешірім де сұраған жоқ», - дейді сәбилердің бірінің анасы Мадина Бесембаева.

Тәрбиешінің әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына сеніп отырған және керісінше, директорды қолдап, оларды теріске шығарып отырған ата-аналар да бар.

«Балаларымыз бәрін көрді. Мен 8 ай бойына төлеген ақшамды қайтаруын талап етемін», - дейді тағы бір ана Әлия Жаналиева.

Кейбір ата-аналар бүлдіршіндеріне жаңа білім беру мекемесін іздестіруге кірісті.

Еске сала кетейік, «Айналайын» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі директоры оны соққыға жыққанын мәлім еткен болатын. Оған себеп, тәрбиешінің мекемедегі «былықтарды» фото,видеоға түсіріп әлеуметтік желіде жариялауы. Директор желідегі айыптаулармен келіспейді. Құқыққорғау органдары тергеу шараларын бастады. Мекеме қызметін уақытша тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар