Ақтауда бір шағын аудан аумағы түгелдей саябаққа айналады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда аумағы 23 гектар болатын орталық саябақ салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірегей жоба қаланың 40-шағын ауданында орналасқан. Жалпы аумағы – 23 гектар, оның 15-іне жасыл желек егіле бастады. Саябақ ішінде 11 субұрқақ және спорт кешені болады, бұл нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, велосипед тебуге, жүгіруге арналған жолдар мен балалар үшін жабық аттракциондар орнатылады. Жоба жергілікті инвестор тарапынан қаржыландырылған», - деп мәлім етті қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Бұл – Ақтау қаласындағы екінші саябақ болмақ. Жалпы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлім етуінше, өңірде ірілі-ұсақты 26 саябақ бар. Мамандар саябақ санының аздығы су тапшылығына байланысты екенін айтады.

«Орталық саябақ халық тынығып, спортпен айналысатын ең ірі көгалды орын болады. Бұған дейін бой көтерген саябақтардың аумағы үлкен емес, саны да аз. Олардың аздығына бірден-бір себеп – өңірдегі су тапшылығы», - дейді ардагер эколог Орынбасар Тоғжанов.

Айта кетейік, жаңа саябақтағы көгалды суаруға жерасты сулары тартылады. Сондай-ақ, тамшылата суару әдісі қолданылмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтау қаласын сапалы көгалдандырудың тиімді тәсілі табылғаны хабарланған болатын.


Фото: Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі




Соңғы жаңалықтар