Ақтауда Билер кеңесі алғашқы дауларды қарады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев пен өңірдегі «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Молдағұлов дауларды бейбіт жолмен шешу аясын кеңейту мақсатында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келісімге келу барысында дауды шешудің балама түрлері, соның ішінде медиацияны қолдану аясын кеңейту, сапалы сот төрелігін қамтамасыз ету, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру мәселелері сөз болды.

«Бүгінгі таңда сотқа дейін және сот тәртібінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері кеңінен қарастырылған. Билер кеңесімен бірігіп, олардың қолданысын арттыруға барынша күш жұмсауымыз керек. Бұл бағытта билердің жұмысын қоғамдық-құқықтық институт ретінде дамыту және насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізуді, баламалы әдіспен істер қарауды жүзеге асырамыз», - деді Ержан Даулиев.

Осыдан соң, билер кеңесі толық құрамда Ақтау қаласының №2 сотына түскен бірнеше талап арызды қарады.

Сотқа жазған талап арызында азаматша Б. өзінің атындағы пәтерге бұрынғы заңды некедегі күйеуі мен оның інісінің ешқандай үлесі жоқ екенін айтып, пәтерге меншік құқығын тануды сұраған. Сот тараптардың өкілдеріне істі медиация арқылы қарауды ұсынды. Нәтижесінде қорғаушылар өз қорғауындағы азаматтарға медиативтік келісімге келу арқылы артық шығынға ұшырамай, істі жылдам әрі бітімгерлікпен аяқтауға болатынын, бұл үшін істі Билер кеңесінің қарауына беру керектігін түсіндірді.

Билер кеңесі талап арызды қарап, тараптарға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндірген соң, азаматша талап арызынан бас тартып, ал жауапкерлер бұдан былай пәтерді бөлісу туралы дау қозғамауға келісті. Екі жақ қол алысып, медиативтік келісім бекітілді.

Бір күнде Билер кеңесінің қарауындағы 3 іс бойынша келісім бекітіліп, бір іс бойынша тараптар келісімге келуден бас тартты.

Соңғы жаңалықтар