Ақтауда басынан дау арылмаған кәсіпорын әкімдік балансына қайтарылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда тазалық жұмыстарымен айналысатын «Қала жолдары» ЖШС әкімдік балансына қайтарылатын болды. Бұл туралы Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерғали Скендиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, «Қала жолдары» ЖШС негізгі құрылтайшысы - Ақтау қалалық әкімдігі. 2018 жылы сенімгерлік басқаруға «Маңғыстау БС» груп ЖШС берілген. Соған байланысты Ақтау қалалық қаржы бөлімі өткізген конкурстық негізде екі жақты келісімшарт жасалған.

«Алайда, 2020 жылы табиғи монополияларды реттеу комитеті Маңғыстау облысы бойынша департаментінің нұсқамасына сәйкес «Қала жолдары» ЖШС мемлекеттік басқаруға ұсыныс түскен болатын. Қалалық әкімдік тарапынан «Маңғыстау БС» мекемесіне хабарлама берілген. Десе де, тиісті жауап берілмегендіктен, келісімшарт біржақты бұзылды. Қазіргі уақытта осы мекемеге жаңа басшы тағайындалып, алу-беру актілері жүргізіліп жатыр. Қалалық әкімдік тарапынан комиссия құрылды. Енді олар мемлекеттік мүлікті қабылдау бойынша тиісті жұмыс жүргізеді», - дейді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерғали Скендиров.

Мамандардың айтуынша, қаладағы тазалық жұмысын жүргізуге шамамен 600-700 адам жұмылдырылуы қажет. Дегенмен 10 адамның жұмысын 1 адам жасағаны, жұмысшылар жалақысының аздығы байқалған.

«Ақтау қаласының әкімдігі - осы мекеменің құрылтайшысы. Дегенмен, «Қала жолдары» өз алдына жеке мекеме ретінде қызмет еткенде жұмыстың дұрыс жүргізілмегендігі анықталды. Мәселен, шағын аудандардағы қоқыстың уақытында жиналмауы, ағаштардың суарылмауы сияқты олқылықтар болған. «Қала жолдары» сенімгерлік мекемесінде болғанымен, тұрғындар мәселесін айтып, тікелей әкімдікке шағымданатын. Сондықтан мәселені шешу үшін «Қала жолдарын» қалалық әкімдік тарапына қайтарып беру актілері жүргізіліп жатыр»,-дейді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев.

Ақтау қаласы әкімінің келісімімен «Қала жолдары» ЖШС жаңа басшысы болып Ғалымжан Серікбаев тағайындалды. Ол бұған дейін «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы», Қарақия аудандық «Тұрмыс-Сервис» МКК мекемесінде қызмет атқарған.

Еске сала кетейік, өткен жылдың мамырында «Қала жолдары» мекемесінің қызметкерлері еңбекақы уақытылы төленбегенін айтып, қызметтік міндеттерін атқарудан бас тартып, қала көшелерін тазалауға шықпаған болатын.

2017 жылы желтоқсан айында Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов «Қала жолдары» ЖШС тексеру жүргізген еді.

Нәтижесінде 2016-2017 жылдар аралығында кәсіпорынның 471 млн теңге қарызға батқаны анықталды. Қордаланған қарыздан құтылу мақсатында 1245 жұмысшының 448-і қысқартылды.


Соңғы жаңалықтар