Ақтауда әскер қатарына күзгі шақыру аяқталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - 27 желтоқсанда Ақтауда әскер қатарына шақырылған 60 азаматтан тұратын команда әскери борыштарын өтеу үшін Маңғыстау облысының Қорғаныс істері бойынша департаментімен Астана қаласының №5573 әскери бөліміне (Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың резерві) жіберілді. Бұл 2014 жылғы әскерге аттандыру науқанының соңғы шақырылымы болды.

«Биылғы күзде Маңғыстау облысының Қорғаныс істері департаменті Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, мемлекеттік күзет қызметі, ҚР ІІМ-нің Шекара қызметі мен Ұлттық гвардиясы қатарына 18-21 жас аралығындағы 400-ден астам жас азаматты аттандырды. Азаматтарды әскер қатарына алу толық көлемде орындалды. Тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштері үнемі жетілдірілу үстінде, сонымен қатар мерзімдік қызметтегі жауынгерлер мен келісімшарт қызметінің әскери қызметкерлеріне қойылатын талаптар да күшейтілуде. Әрбір әскери бөлім үшін жас азаматтар оның құрамының талаптарына сәйкес алынды», - дейді Маңғыстау облысының Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, әскери қызмет пен әскер қатарына қабылдау басқармасының бастығы Ғалым Аңдалиев.

Департамент мамандары барлық әскери бөлімдерді лайықты жаңа толықтырумен қамтамасыз етіп, әскерге шақырылған командаларының аттандырылуына кедергі болатын жайттарды болдырмады. Маңғыстау облысында әскер қатарына жіберілгендерді мерзімдік әскери қызметке аттандыру бойынша салтанатты митингтер өткізу жақсы дәстүрге айналған. Осы жолы Отан алдындағы борышын өтеушілерді №6656 әскери бөлімінің әскери оркестрі шығарып салды.

Соңғы жаңалықтар