Ақтауда амфитеатр ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды. Кең, заманауи үлгідегі көпфункционалды сахнаның ұзындығы 70 метр, биіктігі 9 метр болатын 19 бағанасы бар, деп xабарлайды Қазақпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Амфитеатр 15-шағынаудандағы 2 шақырымға жуық аумақты алып жатқан жаңа жағалауда орналасқан. Саxна «Led-панель», заманауи жарық техникалармен жабдықталған. Мұнда бір мезетте 1000 өнерпаз өнер көрсете алады. Олардың өнерін 25 мың көрермен тамашалауға мүмкіндік бар.

Ашылу салтанатына Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов арнайы қатысып, жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. «Бұл Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру»  бағдарламасының аясында Елбасының өзінің қолдауымен, халықтың қалауымен ел игілігіне арналып салынған, халқымызға рухани жол көрсететін үлкен нысан деп санаймын. Өздеріңізге белгілі, санаулы күндерден соң бүкіл ел болып үлкен шара «Ақтау саммитін» Маңғыстау облысында өткізгелі отырмыз. Әрбір жанұя шаңырағына қонақ келсе үй-жайын түзеп, қонақты жақсылап күтуге әзірленеді. Олай болса, Мемлекет те біздің үйіміз. Теңіз жағасы абаттандырылып, жолдар салынып, көшелерде шамдар жарқырай түсті, көп құрылыстар мен нысандар бой көтерді. Халық демалатын орындар пайда болды. Соның бір дәлелі, міне бүгін өздеріңіз куә болып отырған, көптен көңілде жүрген нысанның ашылуы», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Амфитеатрда фестиваль, концерт пен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сахна төрінде тұрған орталық бағананың үстіне «Суын айғыр» мүсіні қойылған. Мүсіннің биіктігі 4 метр 20 см. Сахна астында техникалық қызметкерлер мен әртістерге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, мұнда арнайы пандустар орнатылған.

Жаңа жағалауға  48 мың шаршы метр кеспе тастар төселген. Оның сахна алдындағы 3 мың шаршы метр бөлігі қызыл, көк, сары түске еніп жарқырап тұрады.

Сондай-ақ, жаңа жағалауда 4 тынығатын орын (ротонда), 6 алаң (алдағы уақытта тағы 6 алаң салынады), 340 орындық, 340 қоқыс жәшігі, 4 балалар алаңы бар. Оның біреуі воркаутпен айналысып, жаттығуға арналған орын болады. Сондай-ақ, 16 ескерткіш қойылған. Балалар алаңының жанына тұрғындардың тынығуына арналған орындықтар мен 4 шатыр қойылады. Құрылысқа 500 адам жұмылдырылды. Қыркүйек айының соңына дейін тағы 17 мың шаршы метр кеспе тастар төселеді деп жоспарлануда.

Амфитеатрдың салтанатты ашылу рәсімінде театрландырылған қойылым қойылып, аймақ өнерпаздары ән айтып, би билеп жиналғандарды тәнті етті.  

nullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар