Ақтауда 78 отбасына пәтер кілті табысталды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мерекесінде Ақтаулық әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлері пәтерлі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Аққу-1» тұрғын үй кешенінің кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Баспаналы болғандардың қатарында Ішкі істер департаментінің - 30, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің - 33 және Батыс аймақтық шекара қызметі бюросының 10 қызметкері бар. Қазіргі таңда 339 үй пайдалануға дайын. Пәтерді сату тетігі «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жүйесімен және жеке, заңды тұлғаларға тікелей сату арқылы жүзеге асырылады.

«Аққу-1» тұрғын үй кешенінде 655 пәтер бар. 2009 жылы басталған кешеннің құрылысы тұралап, қайта жанданды. Бүгінде 140 пәтері дайын. 78 пәтердің кілті әскери қызметкерлер мен тәртіп сақшыларына тапсырылды.

«Өздеріңіз жақсы білетіндей бұл тұрғын үй кешені қанша жылдан бері үлкен мәселеге айналып, өткен жылдан бастап облыс деңгейінде комиссия құрылған еді. Бүгін міне «Аққу» тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңі қолданысқа берілді. Міне, біз бүгін жаңа баспанаға қол жеткізген 78 отбасының қуанышына куә болып отырмыз. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне берілуінің символдық мәні зор. Бұл бейбіт өмірдің батырлары, елдің тыныштығын күзетіп жүрген ерлерге деген құрметтің бір белгісі. Мұның барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамалары мен реформаларының сәтті жүзеге асқандығының айқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мемлекет басшысының жіті назарында. Сондықтан наурыз айында Елбасы әлеуметтік жаңғыру жолында ауқымды қадам жасап, «Бес әлеуметтік бастама» ұсынды. Соның алғашқы тармағында - «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», - керектігіне назар аударған болатын. «7 - 20 - 25» бағдарламасы бұл сөзіме дәлел», - деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

2017 жылы тек Маңғыстау өңірі бойынша барлығы 833 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. 2018 жылдың соңына дейін тағы 916 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Алғашқы тоқсанда соның 337 мың шаршы метрі тапсырылып қойған.

Соңғы жаңалықтар