Ақтауда 15 жасар қызды зорлады деген күдіктінің үйінің алдына бір топ адам жиналды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда 15 жасар қызды ер адамның зорлағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Осы әрекетке барған жігітті ақтаулықтар үйінің алдынан күтіп алып, күш көрсетпек болған, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтау қаласы полиция басқармасына 5-шағынаудандағы 4-үй жанына бір топ адамның жиналғаны туралы шақырту келіп түскен.

«Шақыртуға Ақтау қаласы патрульдік полиция батальоны барды. Анықталған тұлғалар жағдайдың мән-жайын анықтау үшін Ақтау қаласы полиция басқармасына жеткізілді. Облыс тұрғындарына үш адамнан артық топ болып жиналуға тыйым салынатынын ескертеміз» делінген хабарламада.

Жоғарыда атап өткендей, әлеуметтік желіде 15 жасар қызды каратэ-до бапкерінің мәжбүрлеп зорлап келгені туралы ақпарат тараған болатын. Желі белсенділері бөлісіп, күдіктіге әділ жаза қолдану керектігін сұраған болатын. Осыған қатысты полиция департаменті басшысының орынбасары Амангелді Досжанов мәлімдеме жасады.

«11 мамыр күні WhatsApp мессенжерінде жәбірленуші және қылмыс жасаған күдікті туралы анық-қанығы белгісіз мәліметтер тарап кетті. Ал 12 мамырда аймақтық полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің 147-бабы 5-бөлігімен тергеп-тексеруді бастады. Заңның осы бабымен жеке өмiрге қол сұғу бойынша іс қозғалған. Өздеріңізге мәлім, әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған қыз баланы зорлау туралы жалған мәлімет тарап жатыр. Бұл дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталды. Ол үшін заңмен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында. Өзге де ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу аяқталғанша жарияланбайды», - дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Амангелді Досжанов.

Амангелді Асқарұлының айтуынша, осы ақпараттан соң әлеуметтік желілерде заңсыз наразылық акциясын өткізуге шақырулар таратылған.

«Кеше, яғни 12 мамырда 5-шағынаудан №4-ші үй жанына бір топ жас әлеуметтік желіден естіп-білген қылмыс дерегінің мән-жайын анықтау үшін жиналып, өздерінің азаматтық ұстанымын білдіргісі келген. Бұдан соң барлығы да үйіне жіберілді. Осы орайда тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған арандату әрекеттеріне бой алдырмауын сұраймыз» - дейді А.Досжанов.

Айта кетейік, елімізде ұлттық араздықты қоздыру және көрінеу жалған ақпарат таратуға заңмен тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар