Ақтау теңіз портында миллионға жуық қорап контрабандалық темекі анықталды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау теңіз портында миллионға жуық қорап контрабандалық темекі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Экономикалық тергеу департаменті бірлесіп, ірі контрабандалық темекі өнімінің жолын кесті.

«Морпорт» кеден бекетінде Иран Ислам Республикасынан Алматы қаласына бағыт алған контейнер ұсталды. Инспекциялық тексеру кешені (ИТК) арқылы тексерілгеннен кейін контейнер ашылды. Қызметкерлер құжаттар бойынша мәлімделген «жарықдиодты шамдардың» орнына 866 мың қорап көлемінде жарияланбаған тауар – темекі тапты.

Мемлекетке келтірілген залалдың, төленбеген кедендік төлемдер мен салықтардың алдын ала сомасы – кемінде 300 млн теңге. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 234-бабымен қылмыстық іс қозғалды, жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге де мәліметтер тергеу мүддесі үшін жариялауға жатпайды.


Соңғы жаңалықтар