Ақтау-Тбилиси рейсінің жолаушысы 30 мың доллар алып ұшпақ болған

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтау халықаралық әуежайында Грузияға 30 мың доллар алып ұшпақ болған жолаушы тоқтатылып, әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақтау-Тбилиси бағытындағы халықаралық әуе рейсінің жолаушыларын кедендік бақылау кезінде Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп, 30 мың АҚШ долларын шығару әрекетін тоқтатты», - деп мәлімдеді департаменттен.

Президенттің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» биыл 14 наурыздағы Жарлығы бойынша 10 000 АҚШ доллары баламасынан асатын және әкету күніне белгіленген ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынған.

Сондай-ақ, «ҚР Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 грамм аффинирленген алтын құймаларын және «ALTYN BARYS» пен «KÚMIS BARYS» инвестициялық монеталарын, 100 грамнан астам аффинирленген алтынды әкетуге де рұқсат жоқ.

«Осыған байланысты шетелге шығуды жоспарлаған азаматтардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтауын сұраймыз», - дейді кеден қызметкерлері.

Бұған дейін Нұр-Сұлтаннан Ташкентке баратын ұшақ жолаушысы 9 млн теңге алып кетпек болған.


Соңғы жаңалықтар