Ақтау саммитінің нәтижесі: Қазақстан Каспийдің құқықтық мәртебесі конвенциясын ратификациялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңына қол қойды. Жалпы, бұл құжаттың мәні мен маңызы зор. Естеріңізде болса, Конвенцияны 2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан президенттері бекіткен еді. Бұл құжаттың қол қойылуына 25 жылға созылған келіссөздер себепші болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау саммитінде сөз сөйлеу кезінде конвенцияны Каспий теңізінің конституциясы деп атап, бұл құжат өңірдегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркендеудің кепілі деп мәлімдеді.

Күрделі келіссөздер жемісті болды

Құжат жағалау мемлекеттері арасындағы 20 жылдан астам уақытқа созылған күрделі келіссөздер процесінің нәтижесі болып отыр. Каспий келлісөздері аясында жоғары деңгейде бес кездесу, сыртқы істер министрлерінің 7 отырысы, Конвенцияны әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобының 52 отырысы, сондай-ақ әртүрлі форматтарда да кездесулер өтті. Негізі, қарт Каспийдің құқықтық мәртебесінің реттелуі көптеген жылдар бойы жағалаумаңы мемлекеттері сыртқы саясатының стратегиялық бағыттарының арасында негізгілерінің бірі болды.

Атап айтқанда, бұл бағыттағы жұмыстар тәуелсіздік алғаннан кейін басталды, яғни теңіз жағалауында Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Ресей мемлекеттері пайда болды. Осыған дейін Каспий мәселелерін Иран мен КСРО шешіп келсе, енді бұл аймақтағы проблемалар бес елге тиесілі болды. Сәйкесінше, қарт Каспийдің жаңа құқықтық мәртебесін айқындау бойынша келіссөздер жүргізіле бастады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын әзірлеу бесжақты форматта жүргізілді және онда көрсетілген барлық тұжырымдамалар мен ережелер консенсус негізінде қабылданды.

«1997 жылы Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты өзінің ұстанымын БҰҰ-ның ресми құжаты ретінде жариялады. Тарих көрсетіп отырғандай, еліміз 20 жыл бұрын мәлімдеген тәсілдемелер дұрыс және олар барлық жағалау мемлекеттері үшін неғұрлым оңтайлы екені дәлелденді. Міне, сол ұстанымдар 2018 жылы Ақтау қаласында қол қойылған конвенцияда көрініс тауып отыр», - деді Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов.

Конвенцияның мақсаты - Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстарын және теңіздегі әуе кеңістігін пайдалану туралы тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтау және реттеу. Конвенция ұлттық аймақтарды, юрисдикциялар мен егемендікті делимитациялау, жер қойнауын пайдалану, транзит және тасымалдау, су асты құбырлары мен кабельдерін төсеу, сондай-ақ Каспий теңізінің қоршаған ортаны қорғау және биологиялық ресурстарын игеру мәселелерін реттейді. Бұдан бөлек, қауіпсіздік мәселелеріне қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, Каспий маңы мемлекеттерінің әскери іс-қимылдарына ерекше көңіл бөлінеді.

«Каспий маңы мемлекеттеріне жатпайтын елдердің жалаулары астындағы каспийлік кемелердің, сондай-ақ Каспий бестігіне кірмейтін қарулы күштердің болуына жол берілмейді. Теңіз акваториясы ішкі суымен шектеледі, аумақтық сулар ені 15 миль көлемінде. Балық аулау аймағының ені 10 теңіз милі мен судың жалпы көлемін қамтиды. Аумақтық сулардың сыртқы шекаралары теңіздегі мемлекеттік шекараларының мәртебесіне ие», - деп атап өтті министр Парламенттегі баяндамасында.

Атап айтқанда, бүгінде Каспий жағалауындағы барлық мемлекеттер конвенцияны ратификациялау үшін қажетті ішкі рәсімдерді орындауға кірісіп кетті. Өткен жылдың 14 желтоқсанында Түрікменстан жағы оны ратификациялау процесін аяқтағанын хабарлаған еді. Енді, Қазақстан тарапы да бұл рәсімдерді толық тәмамдап, құжат аясындағы уағдаластықтарды орындауға кірісіп отыр.

Абыройлы Ақтау саммиті

2002 жылы Ашхабадта, 2007 жылы Тегеранда , 2010 жылы Бакуде және 2014 жылы Астраханда өткен Каспий саммиттері бесжақты ынтымақтастықтың неғұрлым маңызды мәселелерін талқылау, халықаралық өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу, дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік жағдайында өтті. Ал 2018 жылғы Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммиті солардың арасында ең маңызды форумдардың бірі болғанына еш күмән жоқ. Тамыз айының 12-сі күні Қазақстан тарапынан 150-ден астам, ал шетелден 200-ден артық тілшілер Ақтау саммитіне тіркеуден өткен. Арнайы жасақталған баспасөз орталығына Каспий маңы елдері құрамындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің ірі бұқаралық ақпарат құралдары жиналды. Сонымен қатар, Ақтау саммитінен ақпарат тарату үшін шаһарға Еуропа мен араб елдерінің, АҚШ-тың, Қытайдың беделді телеарналары, ақпарат агенттігі өкілдері келді. Жиналғандардың барлығы Ақтау саммитінің қаншалықты нәтижелі болатындығын байқауға келді. Форумды қорытындылаған мемлекет басшылары конвенция аясында барлық елдердің мүдделері ескерілгенін растады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев журналистер алдында сөйлеген сөзінде Бесінші Каспий саммитінің Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.

«Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыстарды қорытындыладық. Көп жақты тәжірибелік іс-қимылдарды ілгерілетуге қатысты жұмыстардың жағдайы мен кейінгі атқарылатын шараларды талқыладық. Сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік салаларына байланысты маңызды келісімдерге қол қойдық», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жүргізілген келісімдердің табыстылығына тоқталып, Конвенцияны дайындау процесінде барлық ел Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын, сондай-ақ оның табиғи байлығының қорғалып, көбейтілуін қамтамасыз ету мүддесін көздегенін айтты.

«Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі бүгін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ, өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған», - деп қадап айтты Нұрсұлтан Назарбаев.

Шынымен де Конвенция Каспий жағасындағы елдердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыттар бойынша тиімді заңды база қалыптастырады және әрбір тараптың қызметі үшін негізге алынатын ұстанымдарды анықтайды.

Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин аталған конвенция консенсус пен мүдделерді өзара ескере отырып, заманауи әрі теңдестірілген халықаралық құжат екенін атап өтті.

«Конвенция қажетті жіктеу шараларын, кеменің жүзуі мен балық аулау режімдерін айқын регламенттейді, қатысушы елдердің әскери-саяси өзара іс-қимылының ұстанымдарын белгілейді. Сонымен қатар, Каспийді тек бейбіт мақсаттарда пайдалануға кепілдік берілген», - деді РФ басшысы.

Өз кезегінде Каспий маңы мемлекеттерінің алтыншы саммитін Түркіменстанда өткізуді ұсынған осы елдің президенті Гурбангулы Бердімұхамедов: «Саммит қорытындысына жоғары баға береміз, яғни баршамыз үшін маңызды құжатқа (Конвенцияға) қол қойылды. Бұл ауқымды жұмыстарға Каспий маңының барша елдері белсенді қатысты. Осы орайда Конвенцияның ережелері тиімді орындалады деп сенемін», - деді.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің пайымынша, Каспий маңы елдері арасында ынтымақтастықтың, өзара сенімнің жоғары деңгейі қалыптасқан. Сондықтан бұл қатынастар ары қарай да қауіпсіздік пен тұрақтылықтың басты кепілдігі болады.

«Енді Каспийдегі қауіпсіздік біз қол қойған Конвенциямен айқындалады. Әрине, бұл өз кезегінде өзара тығыз іс-қимылдарға тиімді перспективаларды ашады. Сонымен қатар, экономикалық әрі көліктік мәселелерді шешуге тың серпін беріледі», - деді И. Әлиев.

Ал Иран Президенті Хасан Рухани Конвенцияны бекіту - Каспий маңы мемлекеттері үшін ерекше оқиға екенін мәлім етті.

«Біздің қатынастар достық негізде жалғасып жатыр. Сондықтан бұл қарым-қатынастарымыз уағдаластыққа қол жеткізудің басты факторы болды», - деді ол.

Мұнымен қоса, Иран басшысы барлық елдердің ұлттық мүдделері ескерілгенін қадап айтты.


Фото: photosafari.kz

Соңғы жаңалықтар