Ақтау порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 19 пайызға төмендеді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - 2015 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша Ақтау порты арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 19 пайызға төмендеген. Бұл туралы «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның президенті Михаил Ялбачев хабарлады.

«19 пайызға төмендеу бірқатар объективті факторлар: мұнай өнімдері (газойльді) Ресей Федерациясы арқылы теміржол бойынша тасымалдаудың қайта бағдарлануы, астық өнімдеріне зиян келтірген 2014 жылдың климаттық жағдайы, Ресей рубльінің құнсыздануы салдарынан ресейлік тасымалдаушылар қызметінің арзандауы, сондай-ақ жалпы алғанда әлемдік экономика даму қарқынының бәсеңдеуімен байланысты болды», - деп атап өтті Михаил Ялбачев.

АҚ президентінің атап өтуінше, кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығына қолдау көрсетуге бағытталған шаралар өткізіліп жатыр. М.Ялбачев олар кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылыққа үлкен назар аударылып жасалғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта кемежайдың солтүстік бағытта дамытылуы жүргізіліп жатыр, онда жаңа айлақтардың құрылысы және астық терминалының барлық алты сүрлемін монтаждау жұмыстары аяқталған. Астық терминалын қоса алғанда үш құрғақ жүк таситын айлақтың пайдалануға берілуі порттың өткізу мүмкіндігін жылына 3 млн. тоннаға көбейтуге мүмкіндік береді.

Бұл жобаны іске асыру барысы Мемлекет басшысына 2015 жылдың 2 шілдесінде «Индустрияландыру күні» аясында өткізілген жалпыұлттық телекөпірдің барысында ұсынылған.

Михаил Ялбаечевтің айтуынша, ұлттық компанияның бірінші жартыжылдық бойынша жалпы табысы 3 млрд. 825 мың теңгені немесе жоспарға қатысты 85 пайызды құрады.

Соңғы жаңалықтар