Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеттілігі артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Парламент Мәжілісінде кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған келісім Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттер арасында жасалды. Оның ережелері туралы айтар болсам, біріншіден тараптардың ішкі су жолдары бойынша кемелердің транзиттік өтуіне рұқсат беру тәртібін жеңілдету көзделеді. Атап айтқанда, келісімде транзиттік өтуге арналған өтінімді қарау мерзімі – 10 күн және рұқсатты уәкілетті органдар беретін болып белгіленді. Келісімге қатысушы елдердің ішінде кемелердің транзиттік жүзуі тек Ресейдің ішкі су жолдарымен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде транзиттік өтуге рұқсатты Ресей Федерациясының Үкіметі береді. Осы рұқсатты алу 3 айдан 6 айға дейінгі мерзімді қамтиды», - деді Берік Қамалиев.

Оның айтуынша, негізінен жүктер Қара теңіз порттарынан қазақстандық порттарға (Ақтау, Құрық, Баутино, Атырау) Волго-Дон каналы арқылы жеткізіледі.

«Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар. Сол себепті қазіргі уақытта Еуразиялық одаққа мүше емес Каспий маңы елдері (Әзербайжан, Иран, Түрікменстан) Каспий порттарынан Қара теңіз порттарына жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық тасымалдаушыларды («Қазақтеңізкөлікфлоты», «OMS shipping») тартуға дайын екен білдіруде. Біздің Ақтау және Құрық порттарының Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша қабілеттілігі артады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша келісімді қабылдаудың арқасында Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымал көлемін 2025 жылға қарай шамамен 250-300 мың тоннаға көбейту көзделуде.


Соңғы жаңалықтар