Ақтау күре жолында автобус өртенді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – 9 желтоқсан күні Ақтау қаласы Приморский ауданының күре жолында «ПАЗ-320530» маркалы автобус өртенді. Өртенген автобустың ішінде балалар да болған. Бұл туралы куәгерлер хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Жол оқиғасының куәгері Русланның айтуынша, кеше, 9 желтоқсан күнгі сағат 17:20 шамасында ол жұмыстан шығып, Приморский ауданына жақын жерден өткен. Түтінге оранған автобусты көргенде, бірден соған қарай бет алған.

«Автобусқа жүгіріп келгенімде, алдыңғы жағындағы капоттың асты өртеніп жатты. Салонда балалар болған. Қанша екенін нақты айта алмаймын, артқы жағы балаларға толы еді. Оларды алып шығуға сырттан жиналған адамдар көмектесті. Балалар қатты шошынды. Соңғы баланы алып шыққанымызда, жалын бүкіл автобусты алып кетті», - деп баяндады ол.

«Көлік ішінде 30-ға жуық бала болған, оларды тез арада алып шығып, басқа автобусқа отырғыздық. Ата-аналары дереу келіп жетті. Балаларының басқа автобусқа отырғызылғанын білмеген кейбіреулері үрейленіп, жылап та жіберді», - деп баяндады тағы бір куәгер.

Бұған дейін Орталық коммуникациялар қызметінде өртенген автобустың ішіндегі жолаушылар арасында балалар болғаны туралы ақпарды фейк деп атады.

«WhatsApp мессенджерінде 9 желтоқсан күні күре жолда болған өрт оқиғасында автобустың ішіндегі жолаушылар арасында балалар болғаны туралы ақпарат таралуда. Ақтау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты теріске шығарып отыр», - деп хабарлады қоғамдық коммуникациялар орталығынан.

Сайт редакциясы өртенген көліктің мектеп автобусы болған-болмағаны туралы ақпаратты күтіп отыр.

Кейінірек Ақтау әкімдігінің ресми парақшасының астында «фэйк» жазуы бар өртенген автобус түсірілген видео жарияланды.


Соңғы жаңалықтар