Ақтау көшелеріне полиция шақыратын «SOS» дабыл түймелері орнатылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен саябақтарда «SOS» дабыл түймелері орнатылды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған құрылғы – полициямен жылдам байланысуға мүмкіндік беретін ыңғайлы сервистік жүйе.

«Маңғыстаулықтар бір ғана түймені басу арқылы тәртіп сақшыларының көмегіне жүгіне алады. Жедел басқару орталығының операторы қоңырау шалушыны көру арқылы оның орналасқан жерін анықтап, шұғыл әрекет ету және тиісті көмек көрсету шараларын қабылдайды»,- делінген баспасөз мәліметінде.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылды.

«SOS» батырмалары Ақтау қаласында 5 мекенжай бойынша орналасқан:

- теңіз жағалауындағы «Амфитеатр»;

- «Ақбота» саябағы;

- «Мәңгілік алау»;

- «Ынтымақ» алаңы;

- «Приморский «жағажайы.

Сондай-ақ «SOS» дабыл түймесін қаланы нашар білетін туристер де қолдана алады. Бағдарланбаған жерлерде адасып қалған азаматтар осы батырма арқылы тәртіп сақшыларымен байланысып, көмекке жүгінсе болады.

Ал Маңғыстау облыстық Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын аса қажеттілік болмаған жағдайда батырманы себепсіз пайдаланбауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар