«Ақтау-Киев» әуе рейсі ашылуы мүмкін

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Украинаның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Петр Врублевскийді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Украина елшісі Маңғыстау облысымен танысуға және екі елдің экономикалық, мәдени байланыстарын одан әрі дамыту мәслелерін талқылау үшін арнайы келген.

Кездесу барысында облыс әкімі Елшіні өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өткен жылы қол жеткізілген көрсеткіштер атап айтсақ, көлік логистикасы, туризм, агроөнеркәсіп кешені және энергетика салалары бойынша хабардар етті.

С. Трұмовтың айтуынша, Маңғыстау облысы әуе, теміржол, автомобиль және су көлік желілері шоғырланған ірі көлік-логистикалық орталыққа айналуда.

«Бүгінде аймақтағы екі Каспий порты бір-бірін толықтырып тұр. Бұл өңір үшін жаңа перспективалар ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері – Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүктерді жеткізудің тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Бұл 2021 жылы Қазақстанға транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты жылына 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал, паром кешені астықты, мұнай өнімдерін, тыңайтқыштарды, химикаттарды және басқа жүктерді Каспий өңірінің шектес мемлекеттеріне ауыстырып тиеуге бағытталған. Порттардың ыңғайлы географиялық орналасуы тасымалдау мерзімі мен құнын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл Каспий теңізі арқылы экспорттық ағынды 30% арттырады», - деді С.Трұмов.

П.Врублевский өз кезегінде Маңғыстау облысы мен Украинаның экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетті екенін білдірді.

Елші Ақтауға келген сапарында «Ақтау халықаралық әуежайы» басшылығымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, «Киев-Ақтау» әуе бағытын ашуға күш салатынын айтты. Сонымен қатар, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ өндірістік қуаттарымен танысты.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Украина арасындағы тауар айналымы 2020 жылы 20 млн 474 мың АҚШ долларын құрады. Экспорт 8 млн 569 мың АҚШ доллар болды. Украинаға химиялық заттар, станоктарға арналған қол құралдары, турбореактивтік және турбовинттік қозғалтқыштар, газ турбиналары, сұйық сорғылар экспортталады. Импортқа ірі қара малдың еті, маргарин; жануарлардан немесе өсімдік майларынан жасалған өнімдер; этил спирті; жуу құралдары, Пластмассадан жасалған бұйымдар; вулкандалған резеңкеден жасалған бұйымдар және басқалар жатады. Маңғыстауда украин капиталының қатысуымен 5 бірлескен кәсіпорын және украин капиталының жүз пайыз қатысуымен 14 кәсіпорын жұмыс істейді.

С. Трұмов Маңғыстау облысы мен Украина арасындағы өзара ынтымақтастық пен тиімді байланыс орнатуға қуанышты екенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар