Ақтау қаласын сапалы көгалдандырудың тиімді тәсілі табылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтау қаласын көгалдандыру алдағы 5 жыл қатарынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүргізіледі. Тапсырыс берушіні жыл сайын анықтау сапаға кері әсер ететін болғасын осындай шешім қабылданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне сілтеме жасап.

«Бес жылға бағытталған жоба аясында 20 905 жапырақты және 11 750 қылқан жапырақты ағаш, 1 460 сәндік бұта, 20 000 м бұта, 5 000 шаршы метр көгал, 652 500 гүлзар, 18 000 раушан гүлін егу жоспарланып отыр», - дейді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының м.а. Ануар Туляков.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін мекеме («GreenCityAktau» ЖШС) анықталғанға дейін «Ақбота» МКК-нің көгалдандырушылары жасыл желекке күтім жасап, жаңа ағаш көшеттерін отырғызған. Олар ақпан айынан бастап 4 650 түп ағаш екті, оның 2 650-і қылқан жапырақты (қарағай, биота) 2 000 данасы жапырақты ағаштар (айлант, клен, ясень, килитерия).

«Сонымен қатар, қаланың 9, 11 және 14-шағынаудандарын біріктіретін айналма жолдың ортасына 112 000 дана 1 жылдық петунья гүлі, 12-шағын аудандағы Тобанияз ескерткішінің алдына раушан гүлдері егілді. Отырғызылған көшеттердің барлығы Ақтау қаласында өсірілген, яғни барлығы да Маңғыстау облысының құрғақ климатына төзімді», - деді Ануар Туляков.

Ал, жасыл желекті суару биыл Ақтауда алғаш рет су құбыры арқылы жүргізіле бастады. Жылдар бойы теңізге кетіп жатқан жерасты тұщы суларын тиімді пайдалану үшін қаланың орталық бөліктеріне, саябақтар мен алаңдарға 55 шақырым құбыр тартылды. Қазір оның 45 шақырымы іске қосылған. Қалған 10 шақырымы жөндеуден өтіп жатыр. Маусым айының соңына дейін толықтай қолданысқа берілмек.

Сондай-ақ, «GreenCityAktau» серіктестігі жыл соңына дейін тағы 40 шақырым су құбырын іске қосуды қолға алды. Қазірдің өзінде бастапқы 13 шақырымы 6 шағын ауданда жүргізілді.

«Шағынаудан ішіндегі жасыл желекті суару үшін қазіргі таңда мүлік иелерінің бірлестігі және тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелермен келіссөздер жүргізіліп, келісімшартқа отыру жұмысын бастадық. Қосымша 30 арнайы су тасушы көлік қаланың жасыл желегін суаруға тартылды. Бірі жер астында, екіншісі жер үстінде орналасқан 60 текшеметрлік қос резервуар бар», - деді Ануар Туляков.

Сондай-ақ, қазір талдарды улау (дезинфекция) жұмыстары да жүргізіліп жатыр. «БИ-58» және «Карате» деп аталатын у түрлерімен 40 мыңға жуық жасыл желек залалсыздандырылды.


Соңғы жаңалықтар