Ақтау қаласы Бесінші Каспий саммитіне дайындалып жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласы Каспий маңы елдері басшыларының V саммитіне дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саммитке дайындық жұмыстарына арналған жиынға өңір басшысы Ералы Тоғжанов, Ақтау қаласының  әкімі Ғалымжан Ниязов, облыстық және қалалық мәслихат хатшылары, облыс және қала әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, ірі компаниялардың жетекшілері,  мердігер компания өкілдері қатысты.

Жиын барысында Ақтау қаласының  әкімі аймақ басшысына Каспий маңы елдері басшыларының V саммитіне дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, шаһарда жолдың орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарға сай барлығы 16,6 шақырым жол жөнделеді.  Бүгінгі таңда оның 5,1 шақырымы жаңартылды.  Қалған учаскелерде жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Бұдан бөлек, 190 мың шаршы метр жолға «Редживасил» сұйықтығы жағылады. Гидрооқшаулағыш ерекшелігі бар материал жолды ылғалдан қорғап, сапасын жақсартады. Сондай-ақ, жаңа үлгідегі 73 бағдаршам орнатылады.

Саммитке қатысушы елдердің туларын ілу жұмыстары да қолға алынды. Барлығы 670 жалауша, 110 ту ілінеді. Сондай-ақ, қалада 208 баннерді жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Онда Қазақстанның, Маңғыстау облысының көріністері мен Каспий самитіне қатысты мәліметтер бейнеленген. Бұған қоса, көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғаларына 20 брендмауэр орнатылмақ. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне шағын аудандарды бағыттайтын тақтайшалар қою жұмысы басталды. Жаяу жүргіншілерге арналған 375 белгі 40-тан астам көше қиылысына орнатылады.

Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында 14, 15 шағын аудандары теңіз жағалауындағы 14 үйдің сырты боялып толығымен жаңартылды. Тағы 2 тұрғын үйдің сыртына сырлау жұмыстары жүргізілуде. Қаланың түнгі сәулеттік келбетін жақсарту үшін сәндік безендіру жұмысы да басталып кетті. Барлығы 720 бағана безендірілмек.

Қала әкімдігі көгалдандыру жұмысына ерекше екпін беруде. Мамыр айынан бері 5 млн түп гүл егілді. Бақытгүл, қырмызы гүл,  түрік қалампыры 10 шақырым жол бойына егіліп, көшелердің жиегі жайқала түсті. Бұдан бөлек, қала аумағында 6,3 мың тал егілді. Жақын арада тағы 7 мың павлония ағашы отырғызылады.

15 шағын аудандағы теңіз жағалауының 1,7 шақырым жері абаттандырылып жатыр. Онда ені 70 метрді құрайтын дала сахнасы бой көтереді. Сахнаға 160 шаршы метр лэд экран орнату жоспарлануда. Заманауи дыбыс және жарық қондырғыларымен жабдықталып, қуаттылығы 100 квт болатын колонкалар қойылмақ.

Ал, 4 шағын аудандағы  жартасты жағалау туристік нысанға айналады. 1,5 шақырым жерге жаяу жүргінші жол төселіп,  мыңнан астам баспалдақ орнатылады.  Ондағы үңгірлер абаттандырылып табиғи мұражай пайда болады. Каспий жағалауындағы бұл ірі құрылыс жұмыстары жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталмақшы. Осы орайда өңір басшысы Ералы Тоғжанов мердігер компаниялардың жұмысына оң баға берді. Алдағы уақытта да теңіз жағасын абаттандыру жұмыстары әрі қарай жалғасатынын айтты.

«Абаттандыру жұмыстарын «Сарбаз» жағажайына дейін жүргізуді жоспарлап отырмыз. Кезінде жағалаудағы кейбір жерлер  жекеменшікке өтіп кеткен. Оны мемлекетке қайтару керек. Теңіз жағалауы халықтың игілігіне қайтарылуы тиіс. Ондағы жасалып жатқан жұмыстың барлығы тек қана халық үшін болуы керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Жиын соңында өңір басшысы самитке дайындықты күшейтіп, тиісті органдарға қоғамдық тәртіпті қатаң қадағалау жөнінде тапсырмалар берді. Істеліп жатқан жұмыстың барлығы 5 тамызға дейін аяқталу жүктелді.


Фото: yvision.kz

Соңғы жаңалықтар