Ақтау әуежайында жоғалған ақша кесірінен транзиттік рейс жолаушылары бөгелді

Фото: None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Шымкент-Ақтау бағытымен ұшып келген жолаушылардың бірінің ақшасы жоғалуына байланысты әуежайда басқа жолаушыларды ұзақ уақыт ұстаған, деп хабарлайды «Лада».

Оқиға 8 маусым күні Ақтау халықаралық әуежайында болды. Шымкенттен келген жолаушылардың бірі әуежай қызметкерлеріне шағым айтып видео түсірген. Видеодан қызметкерлердің әйелдің не үшін ұстап отырғандары жайлы сұрағына жауап бермей тұрғандығын көруге болады.

«Бізді әуежайда 40 минуттан артық ұстады. Ұшақтан балаларымызбен онсыз да шаршап түстік... Және ең бастысы бізді ұстау себептерін түсіндірмеді. Кейіннен ұшақта отырған бір әйелдің сөмкесінен 650 мың теңге ақшасы жоғалғандығы белгілі болды. Ол жанжал шығарып, соның салдарынан бізді ұстап отырған», - дейді Шымкент-Ақтау бағытындағы ұшақтың жолаушысы.

«Бұл транзиттік рейс болатын. Көптеген жолаушылар ары қарай ұшып кетуі керек еді. Ұшақ Ақтауға қонысымен жолаушылардың бірі ірі көлемдегі ақшасын жоғалтқандығын хабарлады. Әуежай қызметкерлері ережеге сай әрекет жасады. Зардап шеккен әйелге жақын отырған жолаушылар тексеріліп, түсінік беру үшін полиция пунктіне жеткізілді, қалған жолаушылар ұшып келу алаңында жағдай анықталғанға дейін отырды. Кейіннен жоғалған ақша табылып, жолаушылар босатылды», - деп түсіндірді әуежай басшылығы.

Соңғы жаңалықтар