Ақтау әуежайына кірушілердің құқығы бұзылып жатқан жоқ - сот шешімі

Фото:
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау әуежайының терминалына кіреберістегі міндетті тексеру шарасы азаматтардың құқығын бұзады. Маңғыстау облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің бұл хабарламасы заңсыз деп танылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

22 мамырда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ-ға хабарлама жолдаған. Онда әуежай ғимаратына кірерде барлық адамды міндетті түрде тексеріп кіргізу олардың құқықтарын бұзатынын, яғни бәсекелестікті қорғау заңнамалары сақталмайтынын көрсеткен.

«Әуежай қауіпсіздік сақтау терминалға кіру сәтінен басталатынын және әуежай қауіпсіздігін қадағалау монополияны реттеу органдарының құзырына жатпайтынын көрсетіп, аталған хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жоюды сұрап, әкімшілік сотқа жүгінді. Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 22 шілдедегі шешімімен талап қанағаттандырылды», - деді облыстық соттың баспасөз қызметінен.

Сот отырысы барысында терминалға кірген кезде келушілерді тексеру Ақтау халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасымен белгіленгені анықталған. Ол монополияға қарсы органның хабарламасында сілтеме жасаған ұшу алдындағы тексеруден өзгеше екені белгілі болды.

Сондай-ақ, монополияны реттеу органының хабарламасы мынадай негіздермен заңсыз деп танылған:

- Халықаралық ұйымдар азаматтық авиацияның тікұшақ бортында, әуежай аумағындағы қауіпсіздігіне аса назар аударады;

- Әуежай аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, терминалға кіру сәтінен басталуы қажет. Себебі, адамдар әуежайға кіріп кеткеннен кейін қауіпсіздікті бақылау мүмкін болмайды;

- Жолаушылар мен қарсы алушыларды, олардың қолжүктерін тексеру, әуежайдың қауіпсіздігін бақылау, әуежай терминалына қауіпті заттардың өтіп кетуінің алдын алу мақсатында атқарылып, заңнамалық актілерге сай белгіленген тәртіптерге сәйкес жүргізіледі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар