Ақтау әуежайы аумағында қаңғыбас ит 7 жасар балаға шабуыл жасады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау халықаралық әуежайында қаңғыбас ит балаға шабуыл жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәбірленушілердің туыстары оқиға туралы айтып берді. Олардың сөзінше әкесі баланы қорғауға тырысып, жарақат алған.

Оқиға 5 қазанда Ақтау халықаралық әуежайының аумағында сағат 13:00 шамасында болған. Ит жеті жасар балаға шабуыл жасады. Әкесі баласын қорғауға ұмтылған. Әуежай медициналық қызметінің қызметкері зардап шеккендерге қажетті алғашқы көмекті көрсетті. Кейін әкесі мен ұлы облыстық аурухананың дәрігерлеріне жүгінген.

«Бүгінде әкесінің жарасы күшейіп кетті. Білегі ісініп, қатты ауырсыну бар. Бала жарақат алып, әкесімен бірге емделу курсынан өтеді. Бала психологиялық тұрғыдан зардап шекті. Әкесі мен иттің күресін көрді. Ақтау әуежайының өкілдері зардап шеккендердің жай-күйін білу үшін ешқандай әрекет жасамады. Біз жолаушылар мен әуежайға келушілерді әуежай аумағында осындай қауіп бары туралы ескерткіміз келеді», - деді баланың анасы.

Әуежай өкілдері шабуыл фактісін растады. Бұдан бөлек, қаңғыбас жануарларды аулайтын компаниямен келісім жасалғанын хабарлады.

«Бұл иттің әуежай аумағында жүргеніне бірнеше күн болды. Адамдарға шабуылдаған емес. Менің ойымша, бала итті шақырып сипағысы келген болуы керек. Баланың бұл әрекеті итке ұнамаған болар. Шындығында бұған дейін қаңғыбас жануарларды аулайтын мамандарды шақырған едік. Бірақ олардың жұмыстарының көптігіне байланысты келуге уақыты болмады. Оқиға орнында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілді», - деді әуежай өкілі.

Әуежай өкілінің айтуынша, мұндай оқиға алғаш рет орын алды.


Соңғы жаңалықтар