Ақтау әкімі қызметкерлері үшін жазаға тартылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қалалық әкімдігінің қызметкерлері басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда жұмыстан тыс уақытта кеңседе жиі қалатын болып шықты. Сондықтан қала әкімі Ғалымжан Ниязовқа ескерту берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішсі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің МО бойынша аумақтық департаменті талдау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, аудан, қалалардың ішінде жұмыс уақытынан тыс жиі кешігетін мемлекеттік органдар арасында Ақтау қаласы әкімдігі мен оған қарасты мемлекеттік мекемелер бар екені анықталды. Жүргізілген сауалнамаға қатысқан қызметшілердің 36,3 пайызы жұмыстан кейін қалатынан айтса, 28,8 пайызы демалыс күндері жұмысқа шығатынын жеткізген.  Яғни, бұл көрсеткіш басқа органдармен салыстырғанда жоғары.

Мысалы, Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде 4 қызметші шілде айының ішінде өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Себебін басшылар тарапынан берілетін тапсырмалардың көптігімен, жұмыстан тыс уақытта жиі қызметте отыратынымен және демалыс күндерінде жұмысқа шығатынымен түсіндірген.

Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін мемлекеттік органдардағы әдеп жөніндегі уәкілдермен бірігіп, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 2 рет сауалнама жүргізілді. Онда 271 мемлекеттік орган, соның ішінде 171 жергілікті атқарушы және 100 орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері қамтылған.

Маңғыстау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының орынбасары Ерлеген Меңдалиевтің сөзінше, қызметкерлері жұмыс уақытынан тыс көп жұмыс істейтін мекемелер қатарында Маңғыстау облысы әкімдігінің білім, мәдениет, спорт, табиғат қорғау және қоғамдық денсаулық сақтау департаменттері де бар.

«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 89-бабында жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін жұмыс берушілерге әкімшілік жаза қарастырылған. Егер заңды талаптар орындалмаса, мекеме басшыларына айыппұл салынады. Ақтау қаласы әкімі әдеп кеңесіне шақырылып, ескерту берілді», - деді Ерлеген Меңдалиев.null 

Бұл шаралар ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында жүргізілуде. Себебі мемлекеттік қызметшілерге мейлінше қолайлы жағдай жасалуы тиіс, олар бос уақытын тынығуға, спортпен айналысуға және тағы басқа пайдалы заттарға жұмсауы керек.

Соңғы жаңалықтар