Ақтау әкімі ауызсу тапшылығы үшін халықтан кешірім сұрады

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов шаһарда туындаған ауызсу проблемасына қатысты халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қала аумағында су мәселесі бар екендігі баршаңызға белгілі. Сіздердің ол мәселе бойынша наразылықтарыңызды жақсы түсінемін және қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын», - деп жазды Ербол Ізбергенов Facebook-тегі жеке парақшасында.

​Әкімнің айтуынша, қалада су көлемінің тапшылығы, су қысымының төмендігі, жоғарғы қабаттарға су жетпеу мәселелері бар.

«Оны жоққа шығармаймыз. Әсіресе жаз мезгілінде суды тұтыну көлемінің артуына байланысты мәселе күрделеніп отыр. ​

Өздеріңізге белгілі, қаланы ауыз сумен «МАЭК» ЖШС қамтып отыр. Қысқы мезгілде тәулігіне тұтынылатын су көлемі – шамамен 34 000 м3 болса, жазда тәулігіне – 67 000 м3. Алайда «МАЭК» 52 000 м3 су көлемімен ғана қамти алатындықтан, біздегі дефицит – 15 000 м3», - деді шаһар басшысы.

​Мәлім етілгендей, қазіргі таңда мәселені шешу үшін жұмыстар атқарылып жатыр.

«2022 жылы 9 қабаттан биік үйлердің жоғарғы қабаттарына су жеткізу үшін 113 су сорғыш құрылғысы орнатылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасады.

​«МАЭК» аумағында қуаты тәулігіне 24 000 м3 су тұщыту қондырғыларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

​2023 жылы жобаны жүзеге асыруға 10 млрд теңге мақұлданды.

​«Каспий» су тұщыту зауытының өнімділігі тәулігіне – 20 000 м3, қазіргі таңда өнімділікті 40 000 м3 дейін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт бүгінгі күні Қарақия, Мұнайлы және Ақтау қаласының жылы жағажайын сумен қамтамасыз етуде.

​»СК Строй Монтаж» ЖШС-нің инвестициясына қуаттылығы тәулігіне 20 000 м3 құрайтын су тұщыту зауыты салынуда. Жыл соңына дейін тәулігіне 10 000 м3 ауыз су өндіру күтілуде», - делінген әкім постында.

Ақтау қаласында 464 шақырым ауыз су құбыры бар, оның 88%, яғни 386 шақырым тозығы жеткендіктен істен шығу фактілері артуда. Басты себеп – қаланың ауыз су жүйесінің қысымын реттейтін пунктердің немесе арнайы құрылғылардың болмауы. Осыған байланысты «КЖСА» МКК Ақтау қаласы бойынша қосалқы көтергіш станциялар орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта сатып алу бойынша конкурс қорытындысы күтіліп отыр.

Қала әкімі суға қатысты сұрақтар туындағанда хабарласуға болатын байланыс номерлерін қалдырды: IKomek 109; «Каспий жылу, су арнасы» кезекші нөмірлері – 60 53 16; 60 53 22; 60 53 18 (223).


Соңғы жаңалықтар