Ақтау әкімі 120 коммуналдық қызметкерді далада қалдырмауға уәде етті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Желтоқсан айында "Қала жолдары" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 120 қызметкері жұмыстан шеттетілген еді. Олар арызданып, қалалық әкімдікке барған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Оқиғаның мән-жайымен танысқан шаһар басшысы шұғыл тексеру комиссиясын құрып, брифинг өткізді. Әкім: «120 қызметкер  қайта жұмысқа қабылданады»,- деп уәде берді.

Жиналған қызметкерлердің айтуынша, жұмыс желтоқсан айында тоқтаған. Ал, қала әкімдігі ақпаннан бері басқа қызмет ұсынбай, не бұрынғы жасап жүрген жұмыстарын бермей, 120 адамды әуре-сарсаңға салып қойған.

«Қала жолдары» банкротқа түскен мекеме, сондықтан сіздерді жұмысқа ала алмаймыз» деп жауап берді», - дейді бұрынғы қызметкердің бірі Ақтөре Жанаева. 

Брифингте шаһар басшысы алдымен, мекеменің берешегін айтып берді. Себебі, жұмысшы санының қысқаруы осыған тікелей байланысты. "Қала жолдарының" 421 млн теңге қарызы бар екен. 

«Мекеменің кредиторлық берешегі 160 млн теңге, салықтарға 261 млн теңге, яғни 421 млн теңгені құрайды.  "Қала жолдары" 2 бағыт бойынша - санитарлық тазалау, автомобиль жолдарын қамтамасыз ету жұмыстарымен бүгінге 820 жұмыс атқаруда», - дейді  Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов.

Әкімнің айтуынша, жұмыстан шыққан 120 қызметкер өз еркімен арыз жазып кеткен. Олар өткен жылы жалақыларын толығымен алған. Ал, бүгінгі жағдай бойынша заңсыз айыптауға болмайды. Осылай деген Ғалымжан Ниязов, енді қаланы көгалдандырумен айналысатын мекемеге жұмысқа алынады деді.

Демек, жұмыссыздар далада қалмайды. Олар риза болып тарқасты.  Жалпы, көгалдандыру жұмыстарына Ақтауға 2018 жылы  957 миллион 451 мың теңге қаралғанын айтады. Оның ішінде өсіп тұрған жасыл-желектерге 560 миллион,  жөндеу жұмыстарына 48 миллион, жаңадан ағаштар егуге, күтіп ұстауға  166 миллион теңге қаржы бөлінген. 

Соңғы жаңалықтар