Ақтаңдақтар ақиқатын білуіміз керек – Қырымбек Көшербаев

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Атырауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның жобалық кеңсесінің қызметімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде өңірлік комиссия мүшелерінің осы кезге дейін жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі айтылды.

«Тарихымыздағы ақтаңдақтар ақиқатын білуіміз керек. Репрессия құрбандарының қуғын-сүргінге ұшырау себебін қоғамға жеткізу қажет. Өйткені, алға қадам жасауымыз үшін өткен тарихымыздан сабақ алудың маңызы зор. Сондықтан, мемлекеттік комиссия саяси репрессия құрбандарын толық​ ақтап болғанға дейін жұмысын жалғастыра береді. Болашақта Тарихи жады институты құрылады. Осыған орай өңірлік комиссия мүшелерінен, тарихшылардан нәтижелі зерделеу жұмыстарын күтеміз», -деді Қырымбек Көшербаев.​

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, қазір 26 мүшесі бар өңірлік комиссияның құрамында 8 жұмыс тобы бар. Жұмыс топтарына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары мен тарихшылары, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері кірген. Комиссия мүшелері қуғын-сүргінге ұшыраған 3 мыңға жуық адамның ісі мен фильтрациялық тексеруді, трофейлік карточкаларды зерттеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қырымбек Көшербаев Атырау облысының бір топ азаматына мемлекеттік наградаларды табыстаған еді.


Соңғы жаңалықтар