Ақсуда жылдар бойы оқушы қыздарды зорлап келген педофил өмір бойына сотталды

None
None
АҚСУ. ҚазАқпарат – Павлодар облысында кәмелетке толмаған қыз балаларды бірнеше жыл бойы зорлап келген айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық іс Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.

Алқа билердің қатысуымен өткен сотта айыпталушыға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы (120, 121, 296, 287 баптарының бөліктері) бойынша айып тағылған.

«Сот барысында Ж. атты азаматтың 2016 жылғы 26 наурыз бен 2020 жылғы 4 қаңтар аралығында кәмелетке толмаған қыздарды зорлағаны анықталған. Сонымен қатар кәмелетке толмаған үш қызға сексуалды сипаттағы зорлық әрекетін жасаған. Оның үйін тінту барысында қару мен есірткі табылған» делінген Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сот отырысында тағылған айып бойынша эпизодтарда Ж-ның кінәсі дәлелденді.

Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар