Ақсуда 51 жастағы ер адам топырақ үйіндісінің астында қалды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Топырақ үйіндісінің астында қалған 51 жастағы ер адам ауыр халде Ақсу орталық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. 

ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Терешкова көшесіндегі жеке тұрғын үйдің ауласында орын алған.

«Ер азамат су өткізу құбырларын салу үшін жерасты жұмыстарын жүргізу кезінде құмның астында қалған. Жедел құтқару жасағының күшімен бір сағат 20 минуттан кейін оны алып шықты. Оқиға орнында ТЖД-ден екі адам мен бір техника жұмыс істеді, - деп мәлім етті департаментте.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның айтуынша, зардап шеккен адам орталық ауруханаға түрлі жарақатпен жеткізілген. Қазіргі таңда жағдайы тұрақты деп бағалануда. Айта кетерлігі, осымен Ақсуда бір айдың ішінде екі қайғылы жағдай тіркелген. 18 қыркүйек Луговая көшесінде орға түскен топырақ дәнекерлеушіні басып қалған. Өкінішке орай, ер адам көз жұмды.

"Аталмыш факті бойынша тергеу жүргізілуде. Медициналық-сот сараптамасын күтіп отырмыз. Бұдан кейін ғана қайғылы оқиғаның өндіріспен қатысы бар-жоғы анықталады. Расталған жағдайда іс құқық қорғау органдарына жіберіледі", -дейді мемлекеттік инспектор Абырай Сабыров.

 Ер адам «АльянсПромСтрой» ЖШС-інде дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. 

Соңғы жаңалықтар