Ақсу-Жабағылы тауларында үш жылдан бері алғаш рет қар барысы көзге түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында қар барысы фототұзаққа ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірнеше күн бұрын Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының тауларында теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте қар барысы фототұзаққа ілінді. Бұл – өте сирек құбылыс. Соңғы рет Қазақстанның көне қорықтарының бірінде тау патшасы үш жыл бұрын байқалған», - деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы Сәкен Ділдахмет.

Табиғат қорғаушысы қорықтағы ғылыми мамандар мен инспекторлардың жабайы табиғатты сақтау үшін үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын жазды.

«Қар барысы – мысықтұқымдастар арасындағы ең тұйығы, тасада жасырын тіршілік етеді. Сондықтан ілбістер таулы аймақты мекендейтін жаз мезгілінде жасалған осы кадрлар айрықша құнды. Өйткені олар сирек кездесетін жыртқыштың мекендейтін жері мен популяциясын одан әрі зерттеу үшін керек. Бұл жыртқыштың Ақсу-Жабағылы қорығында болуы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтың үйлесімді жұмысының дәлелі, бірінші кезекте – бұл экожүйені сақтау, барыстардың қоректік базасына тікелей әсер ететін браконьерлікті болдырмау. Қорықтар мен ұлттық парктердегі табиғат өзгеріссіз қалуы керек! Қорыққа фототұзақ орнатқаны үшін БҰҰ Даму бағдарламасына алғыс айтамын», - дейді С. Ділдахмет.

Бұған дейін маусым айында Алматы тауларында Дана атты қар барысы екі күшігімен бірге серуендеген еді.


Соңғы жаңалықтар