«Ақсу» қант зауыты қалдықты да пайдаға жаратуды жоспарлап отыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Алматы облысындағы Ақсу қант зауыты 130 тонна қант қызылшасын өңдеуді жоспарлап отыр. Былтыр бұл өнім 60 мың тонна көлемінде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 жыл бойы тоқтап тұрған кәсіпорын жылда жаңғырудан өтіп, толық қуатына көшу үшін кезең-кезеңмен жұмыстар атқаруда. Мәселен, биыл жүргізілген жаңғыртудың нәтижесінде зауыт  «қалдықсыз өндіріс» принципімен жұмыс істемек.

«Ақсу қант  зауыты 2020-2021 жылға қарай толық қуатына шығып, 350 мың тоннаға дейін қызылша өңдейтін болады», - деді Ақсу ауданына жұмыс сапарымен барып, қант зауытының жұмысымен танысқан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

null Биылғы жылы 130 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуді жоспарлап отырған зауытта қалдық жомдарды нығыздап орайтын норвегиялық құрылғылар орнатылуда. Зауыт директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, жаңғыртудың қазіргі екінші кезеңіндегі жөндеу-іске қосу жұмыстарына 280 адам тартылған. Олардың арасында шетелдік мамандар да бар. Ал зауыт толық іске қосылғанда қызылша өңдеу ісіне жергілікті 600 адам жұмысқа қабылданатын болады. Бүгінгі күнге дейін технологиялық құралдарды жөндеу-орнату шамамен 84 % аяқталды. Зауыттың сынамалық іске қосу мерзімі 15 қыркүйекке, ал толық іске қосылуы 15 қазанға белгіленіп отыр. 20 мың тонна алғашқы қызылша көлемін жинап алғаннан кейін кәсіпорын тоқтаусыз жұмысқа кіріспек. Егер жоспарланғанындай биылғы жылы 130 мың тонна қант қызылшасы өңделетін болса, одан шамамен 22 мың тонна жом алынады екен. Бұрын өткізілетін орынға жом жүк көлігінде ашық-шашық күйде тасымалданып, жол бойы суы ағып, тиісті жерге жеткенше сапасы төмендеп кететін. Енді биылдан бастап жомды нығыздап, жаңа құрылғымен қаптамаға орауға жағдай жасалып отыр. Оралған күйіндегі жом 2 жылға дейін сапасын жоғалтпайды. Және ешқандай химикатсыз, экологиялық таза өнім - мал бордақылау алаңдары үшін таптырмас азық. Алдағы уақытта бұл дайын өнімдерді отандық нарыққа, сонымен қатар шетелге де экспорттауға мүмкіндік тумақ.

Соңғы жаңалықтар