Ақсу қаласында жылу желілері жаңартылады

None
АҚСУ. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласында орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жылу желілері жаңарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Ақсуға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желіде жазды.

«Кеше Ақсу қаласына барып, электр станциясы мен ферроқорытпа зауытының жұмысымен таныстым. Барлығы 10 000-нан астам адам еңбек ететін кәсіпорындар белсенді жұмыс істеп, дамып келеді. Күрделі жөндеуді қажет ететін қалалық аурухананы қарап шықтым. Денсаулық сақтау басқармасы емдеу мекемесіне ауданаралық мәртебе беру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл шара аурухананы республикалық бюджет есебінен жарақтандыруға мүмкіндік береді. Ұсынысты қолдадым, құжаттарды тиісті министрлікке жібереміз»,- деп жазды әкім Instagram парақшасында.

Айтуынша, Ақсу қаласын дамыту жөніндегі кеңесте жаңа тұрғын үйлердің тапшылығы мен сапасы, жер учаскесін бөлу, абаттандыруға қатысты жиі түсетін шағымдар қаралған.

«Жаңа қазандықты іске қосу мәселесі жеке қаралды. Көп инвестиция құйылған, бірақ әлі де іске аспаған жобаны зерттеуді тапсырдым. Ақсу қаласының әкімдігі барлық инженерлік коммуникацияларға алдын ала тексеру жүргізе отырып, магистральдық және жылу тарату желілерін қайта жаңартуға кіріседі»,- деп түйіндеді Асайын Байханов.


Соңғы жаңалықтар