Ақша салған сөмкені ұрлаған атыраулық ұсталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Ұлттық ұлан жауынгерлері Атырауда кісі тонаушының ізін суытпай қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 16 мамыр күні сағат 22.00 шамасында болды.

Үйіне қайтып келе жатқан қызға біреу шабуыл жасап, ақшасы мен құжаты салынған сөмкесін тартып алып кеткен.

Бұл кезде 5546-әскери бөлімнің жауынгерлері ел тыныштығын күзетіп жүрген-ді. Сол маңда жүрген құрамында лейтенант Нұрсұлтан Жүсіп, қатардағы жауынгерлер Асылбек Спабек және Акбар Абдуллаев бар топ тонаушының ізіне түседі. Көп ұзамай-ақ қашып құтылмақ болған жас жігітті қолға түсіреді.

Полиция бөліміне жеткізілген күдіктіден куәгерлердің көзінше сөмке тәркіленді. Оның ішінде құжат, ақшадан басқа банк картасы да бар екен. Сөмке бойжеткенге қайтарылды.

Тез де батыл әрекеттері үшін аталған жауынгерлер бөлім командирімен ынталандырылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерлерінің Атырауда бекіре тұқымдас балықпен жүк көлігін ұстағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар