Ақша аударымдарына салық салынбайды - Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов халықтың қолма-қол ақшасыз аударымдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақша аударымдары бойынша комиссия болмағандықтан, пайдаланудың ыңғайлылығына байланысты Kaspi сияқты жедел аударым жүйелерінің тұрғындар арасында және бизнесте танымалдығы артып келеді. Әрине, қолма-қол ақшасыз төлемдердің өсімі көлеңкелі экономиканың төмендеуіне ықпал ететінін түсініп отырмыз. Қаржы министрлігі мұндай аударымдардан ешқандай қосымша төлем немесе салық алуды жоспарлап отырған жоқ. Әсіресе жеке тұлғалардың қолма-қол ақшасыз аударымдарын тексеру – ешқандай жоспарда жоқ», - дейді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, министрлік банктермен бірлесіп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін ыңғайлы және заманға инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді.

«Ал кәсіпкерлік сала ашық болуы керек. Заңға сәйкес кәсіпкерлер фискалды түбіртек беріп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-кассалық машиналарды пайдалануы тиіс. Kaspi-ді кәсіпкерлік мақсатта пайдалану – кәсіпкерлерді осы міндеттемелерден босатпайды. Тұтынушының құқығын қорғау үшін тексерудің маңызды екенін ұғыну керек», - дейді ол.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары қазіргі таңда Қаржы министрлігі жедел қызмет көрсету жүйесін пайдаланып кәсіпкерлердің кірістерін әкімшілендіру мәселесі пысықталып жатқанын хабарлайды.

«Мысалы, бұл онлайн-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды автоматты түрде толтыру және салық есептілігін жіберу функционалдылығымен біріктіру арқылы жүргізіледі. Мұндай пилот келесі жылы Kaspi Bank-пен бірге өткізіледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, арнайы салық режімдерін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері, мысалы, патент немесе жеңілдетілген декларация 3 жылға салықтар мен тексерулерден босатылатындығын атап өткім келеді. Осыған байланысты тұрғындар алаңдайтындай ешқандай негіз жоқ», - деп түйді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, күні кеше ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ҚР Қаржы министрлігінің ел тұрғындарының қолма-қол ақшасыз төлемдерін тексеруге қатысты ұсынысына түсінік берген болатын.

Соңғы жаңалықтар