АҚШ және қазақстандық ғалымдар жаңа Жібек жолын қалыптастыру мәселелерін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының ғалымдары мен қазақстандық зерттеушілердің кездесуі өтті. Университеттің Философия және саясаттану факультеті және университет жанынан жуырда ашылған Саяси зерттеулер ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен басқосуда жаңа Жібек жолын қалыптастыру мәселелері талқыланған болатын. Бұл туралы ақпараттық орталықтан хабарланды.

«Америкадағы беделді ғылыми мекеме саналатын зерттеулер орталығының Ресей және Еуразия бағдарламасының директоры Эндрю Качинс пен оның орынбасары Джефри Манкофф ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінің ұстаздарымен және белгілі ғалымдармен бірге қазіргі ең өзекті саяси-экономикалық мәселелерді ортаға салып, ашық пікір алмасты. Соның ішінде жаңа Жібек жолын жаңғырту мақсаты аясында Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестерді жеделдетуді көздейтін ғылыми жобаларымен таныстырған америкалық меймандар жергілікті ғалымдардың бұл бастамаға көзқарасын сұрады», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, жүздесу барысында Орталық Азиядағы интеграцияның жай-күйіне қызығушылық білдірді. Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Масалимова төрағалық еткен отырыста Еуразиялық интеграцияның тиімді және тиімсіз жақтары жан-жақты талданып, жаңа Жібек жолын жаңғыртуға кедергі келтіріп отырған факторлар аталды. «Орталық Азия елдерінің арасындағы өзара ықпалдастықтың нашарлауы, экономикалық интеграцияға деген қажеттіліктің азаюы, рухани-мәдени байланыстардың әлсіреуі, бұрыннан келе жатқан әлеуметтік-экономикалық, діни, этностық негіздегі кикілжіңдер интеграцияға кері әсерін тигізіп отыр»,- деді ғалымдар. Орталық Азия елдері басты халықаралық әріптес ретінде Ресей, АҚШ, Қытай, Еуроодақ елдерін қарастырып, осы елдермен жеке-жеке байланыс орнатуға ұмтылып отыр. Мамандардың пайымынша, бұл біздің елдеріміздің экономикасын диверсификациялауға көмектесіп, саяси егемендігін нығайта түсуге септігін тигізеді. Отырыста Украинадағы саяси ахуал мен оның аймақтағы интеграциялық ахуалға әсері де кеңінен талқыға түсті. Сарапшылар Украинадағы ахуалдың Орталық Азия елдерін өзара бірігуге, ортақ мәселелерді бірлесе шешуге көбірек итермелейді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, аймақтағы геосаяси ойындар Украинадағыдай жағдайға жеткізбеуі үшін қандай шаралар қолдануы керек деген мәселеде ой бөлісті. Америкалық зерттеушілер АҚШ ресми орындарының және Америкадағы ғылыми ортаның Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру бастамасына қатысты пікірлерін баяндап берді. Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдардың докторы, профессор Г.Насимова, ҚазҰУ-дың оқытушылары философия ғылымдарының докторы, профессор Г.Әбдіғалиева, саяси ғылымдардың докторы, доцент Ә.Қайдарова, Қазақстан гуманитарлық және саяси конъюнктура орталығының директоры, саяси ғылымдардың докторы Е.Алияров, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты А.Чеботарев, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының директоры Г.Илеуова және Саяси зерттеулер ақпараттық орталығының директоры М.Сеңгірбай қатысты.

Соңғы жаңалықтар