АҚШ университетімен су ресурстарын пайдалану технологиялары пысықталып жатыр - Үкімет

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Небраска штатының университетімен (АҚШ) бірлесіп, ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану технологияларын пысықтап жатыр.

Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су шаруашылығының барлық бағыттары мен деңгейлері бойынша білікті кадрлар даярлау жағдайын жақсарту үшін 2020 жылы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Су шаруашылығы және табиғат орналастыру институты» ашылды. Институттың бакалавриаты мен магистратурасы аясында «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар», «Гидротехникалық мелиорация», «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік», ал докторантура шеңберінде «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар» білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүзеге асырылатынын атап өткен жөн», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Әлихан Смайыловтың атап өтуінше, аталған институт базасында «Академиялық артықшылық орталығы» ашылды. Оның негізгі міндеті - су ресурстарын басқарудағы жаңа технологияларды зерделеу және оларды оқу процесіне кіріктіру үшін ғылыми ұйымдармен, сондай-ақ халықаралық оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау.

«Атап айтқанда, Небраска штатының университетімен (Америка Құрама Штаттары) ынтымақтастық жолға қойылды. Онымен ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану технологиялары пысықталуда. Ұсынылған технологиялармен танысқаннан кейін, оларды Қазақстан жағдайында пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан ғылыми ұйымдармен талқылағаннан кейін тиісті оқу бағдарламалары үшін модульдер әзірленетін болады», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ол Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін инновациялық пәндерді қоса отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту көзделгенін айтады.

«Атап айтқанда, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қолдауымен «Гидротехникалық құрылысжайлар салу» білім беру бағдарламасын әзірлеу жүргізілуде. Жалпы, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында және қалыптасқан жағдайды ескере отырып, қажетті іс-шаралар қабылдануда», - деді Премьер-Министр.

Бұған дейін елімізде су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жоспарланбағанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар