АҚШ-тың Жағалау күзеті «Титаникке» сүңгіген батискафтың барлық экипажы мерт болғанын хабарлады

Фото: Фото: OceanGate Expeditions
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдын ала мәліметтерге сәйкес, «Титан» батискафы жарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News агенттігіне сілтеме жасап.

18 маусымда Атлант мұхитына батып кеткен Титаник лайнеріне сүңгу кезінде жоғалып кеткен «Титан» батискафының сынықтары табылды. Бортта болған бес адам қаза тапқан.

АҚШ-тың Жағалау күзетінің хабарлауынша, канадалық Horizon Arctic кемесінен мұхитқа түсірілген Odysseus суасты аппараты батискафтың артқы бөлігін, сонымен қатар 3 800 метр тереңдікте жатқан «Титаник» кемесінің алдыңғы жағынан шамамен 500 метр жерден басқа да бөліктерін тапқан.

Қирандылар апатты жағдай болғанын көрсетеді. Бірақ, оған не себеп болғаны белгісіз. Сонымен қатар қаза тапқандардың мүрдесі табылу-табылмауы да неғайбыл.

«Бұл өте қатал орта», - деп мәлімдеді АҚШ-тың Жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Могер Бостонда өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, құтқарушылар Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде жоғалып кеткен сүңгуір қайықты іздеп жатқан еді.

Бортында 5 адам (Франция, АҚШ, Ұлыбритания және Пәкістан азаматтары) бар шағын «Титан» (Titan Sub) қайығы Солтүстік Атлантикадағы суға батқан «Титаник» кемесімен танысу үшін 4 мың метр тереңдікке сүңгіп кеткен.

Titan Sub – OceanGate компаниясына тиесілі шағын суасты аппараты. Салмағы – 10 тонна, ұзындығы – 6,7 метр.

Сыйымдылығы бес адаммен шектелетін аппарат 96 сағатқа тереңге бойлай алады.

Осыған дейін апатқа ұшыраған қайықтың қирандылары табылғаны туралы хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар