АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі қашан тағайындалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі қашан тағайындалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия отырысы аясында журналистер АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі қашан келетінін сұрады.

«Менің досым, елші Уильям Мозер менімен Вашингтонда жұмыс істеп жатыр, біз Орталық Азия тақырыбы бойынша жауаптымыз. Мен бұған дейін Бішкекте жұмыс істегенмін. Нұр-Сұлтандағы жаңа елшіге қатысты біз дүйсенбіде Мемлекеттік хатшыға және әкімшілігіміздің басқа жетекшілеріне осындағы елшілікке үміткерлер бойынша ұсыныс жасадық. Менің ойымша, Мемлекеттік хатшы мен Президент үміткерді жақын арада мақұлдайды және жақын арада Қазақстанға жібереді», - деді Дональд Лу ҚР Сыртқы істер министрлігінде журналистер сұрағына берген жауабында.

Еске сала кетсек, қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Мозерді еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдап, алғыс білдірген еді.

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лудың төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Бұған дейін Дональд Лу Қазақстанға Pfizer вакцинасын жеткізу мәселелері жөнінде пікір білдірген еді.



Соңғы жаңалықтар