АҚШ-тың екі штатындағы полицейлер әкімшілік демалысқа жіберілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Вирджиния мен Вашингтон штаттарындағы полиция департаменттері қызметкерлерін әкімшілік демалысқа жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Голос Америки» басылымына сілтеме жасап.

Флорида мен Нью-Йорк өрт сөндіру департаменттері де федералды билікке 6 қаңтарда жұрт Капитолийді басып кірген кезде кей қызметкерлері сол жерде болуы мүмкін екенін хабарлады.

Вирджинияның Роки-Маунт қалашығындағы полиция департаменті екі қызметкері жұмыстан тыс уақытта Вашингтондағы шараға қатысқаны анықталып, оларды демалысқа жібергенін хабарлады.

«Роки-Маунт қаласы толығымен сөз бостандығын және заңды түрдегі кез келген жиынға қызметкерлерінің қатысуын қолдайды, бірақ сол күні болған заңсыз іс-әрекеттерге келісе алмайды», - деп мәлімдеді департамент.

Сиэтл полиция департаменті де екі қызметкерінің бұл іске қатысы бар-жоғын анықтап жатқандықтан, оларды әкімшілік демалысқа жібергенін хабарлады.

«Егер Капийтолийге жасалған шабуылға департамент офицерлері қатысқан болса, мен оларды дереу жұмыстан шығарамын», - деп мәлімдеді департаменттің уақытша басшысы Адриан Диас.

Нью-Йорктің өрт сөндіру департаменті бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің тәртіпсіздікке қатысқаны туралы «құпия мәлімдеме» алғаннан кейін ақпаратты ФБР-ге жібергенін мәлімдеді.

Флоридадағы Сэнфордтың өрт сөндіру департаменті шабуыл жасаған адамдардың суретінің ішінде қызметкерінің де бейнесін байқағандықтан бір өрт сөндірушіні әкімшілік демалысқа жіберген.

Сенбі күні жетекші заң шығарушы-демократтардың бірі Капитолийді қылмыс орны деп атап, байланыс операторлары мен әлеуметтік желілерді тәртіпсіздікке қатысты барлық мәліметті сақтауға шақырды.

Еске салсақ, 6 қаңтарда АҚШ конгресі сайлаушылардың даусын есептеп, 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын шығару үшін жиналған болатын. Осы күні Дональд Трамп жақтастарының жаппай наразылық акциясынан кейін оған қатысушылардың бір тобы конгресс ғимаратына басып кірді.

Дональд Трамп осының алдында Вашингтонның ортасында мыңдаған адам жиналған митингте сөз сөйлеп, өзінің жеңілгенін мойындамайтынын айтқан. Сөйтіп өзіне сенетін қауымды Капитолий ғимаратына барып, наразылық білдіруге шақырды.

Билік Вашингтонда коменданттық сағат енгізді.


Соңғы жаңалықтар