АҚШ-тың атақты хореографтары Астанаға жиналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 шілде мен 5 тамыз аралығында Астанада тұңғыш рет «CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» халықаралық шеберлік сабақтар фестивалі өтеді. Шара ұйымдастырушылары - Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшілігі мен Қазақ Ұлттық хореография академиясы, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.

Шеберлік сабақтар фестиваліне Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің талантты бишілері мен хореографтары қатысады. Олар бірнеше ай бұрын ұйымдастырылған бейне-кастингтенсүрінбей өткен болатын. Осылайша, Америка Құрама Штаттарының елшілігі бөлген гранттың арқасында би өнерінің 100 шебері еш ақысыз сайысқа түседі. Олардың 50-і Қазақстан өңірлерінің, 30 - Астананың және 20-сы Орталық Азия елдерінің намысын қорғайтын болады.

Фестиваль аясында, сондай-ақ Пилкингтон Кэтрин, Бреанна Уиллиамс сынды АҚШ-тың әйгілі хореографтарының қатысуымен өтетін екі апталық шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жоспарланған. Кәсіпқой бишілер неоклассикалық балеттен, контемпорариден, модреннен, импровизациядан, бродвейден, джаздан, хип-хоптан, сонымен қатар биді суретке, бейнекамераға түсіруден, арт-менеджменттен скилл-аптар жүргізбек.

Бұдан бөлек, фестиваль қатысушылары негізгі американдық би формаларын өздерінің оқыту бағдарламаларына енгізуге, маркетинг пен коммуникация саласына қатысты білімін арттыруға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда кез келген бизнестің табысты жүзеге асуының маңызды маркетингтік бөлігін қалыптастырушы кино, фотосуреттер мен заманауи сандық өнерге арналған құралдармен танысады.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, екі аптаға созылатын шара мәдениаралық әрі кәсіби тәжірибе алмасу ісіне негіз болып, Орталық Азия аумағындағы неоклассикалық және заманауи хореографияның дамуына үлесін қоспақ.

«CENTRAL ASIAN DANCE FESTIVAL» шеберлік сабақтар фестивалінің салтанатты ашылуы 22 шілде күні Қазақ Ұлттық хореография академиясында өтеді.

 

Соңғы жаңалықтар