АҚШ-тың ашық чемпионаты: Қазақстан намысын қорғайтын теннисшілер кім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Нью-Йоркте теннистен АҚШ-тың ашық чемпионаты басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл – жыл сайын өткізілетін төрт «Үлкен дулыға» турнирінің соңғысы.

Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева сынға түседі.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші ракеткасы Александр Бублик 30 тамыз күні франциялық Юго Гастонмен кортқа шығады. Бұған дейін қарсыластар 2019 жылы өзара кездесіп, онда қазақстандық теннисші 7:5, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Букмекерлер бұл бәсекеде 25 жастағы А.Бубликті фаворит деп танып отыр.

Әйелдер арасында 27 жастағы Юлия Путинцева ертең өзінен жеті жасқа кіші америкалық Аманда Анисимовамен шеберлік байқасады. Бұдан бұрын екеуі Чарльстонда ойнап, онда корт иесі 6:1, 6:2 есебімен оңай ұтқан болатын.

Қазақстанның басты үміті, Уимблдон чемпионы, 23 жастағы Елена Рыбакина 31 тамызда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, франциялық Клара Бюрельмен кездеседі. Бұл – олардың өзара алғашқы бәсекесі.

Қазақстандықтар сондай-ақ жұптық сында да өнер көрсетеді.

АҚШ чемпионаты 29 тамызда басталып, 11 қыркүйекте мәреге жетеді.

Өткен жылы ерлерден ресейлік, әлемнің 1-ракеткасы Даниил Медведев, әйелдерден ұлыбританиялық Эмма Радукану чемпион атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның АҚШ-тағы жарыстың финалында ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар