+7 (701) 759 90 19
USD 411.66 EUR 465.92
RUB 5.81 CNY 58.79
Jańalyqtar

АҚШ тұрғындары карантинді қалай өткізіп жатыр - қазақстандықтың сұхбаты

2020 жылғы 22 сәуір 15:41
Бөлісіңіз:
АҚШ тұрғындары карантинді қалай өткізіп жатыр - қазақстандықтың сұхбаты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Алина Кириловская 6 жылдан бері АҚШ-та тұрады және медициналық колледжде білім алады. ҚазАқпарат тілшісіне Алина АҚШ-тағы карантин, төтенше жағдай кезіндегі шаралар жөнінде сұхбат берді.

Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат министрлігі Coronavirus2020 мобильді қосымшасын жасап шығарды Тоқаев: Қауіпсіздік шараларын ұстанбасақ, пандемияға қарсы күресте оң нәтиже болмайды Флоридада коронавирус жұқтырудың тәуліктік рекорды тіркелді

Қазіргі уақытта А.Кириловская Вирджиния штатында тұрады. Оның айтуынша, Вирджинияда наурыздың соңында карантин жарияланып, 27 сәуірге дейін жалғасады деп хабарланған. Алайда кейінірек режим 10 маусымға дейін ұзартылған.


АҚШ коронавирус пандемиясымен қалай күресіп жатыр

АҚШ-та коронавирустың таралуы айтарлықтай қарқын алып келеді. Бүгін 771 мың ауру расталды, 41 мың адам қайтыс болды. 69 мың адам емделіп шықты. Әсіресе Нью-Йорк штатында жағдай қиын, онда 248,5 мың адам ауру жұқтырса, оның 134,5 мыңы - Нью-Йорк қаласында.

«Менің достарымның айтуынша, олардың кейбіреуі Нью-Йорк ауруханаларында жұмыс істейді, реанимация бөлімшелерінде де, мәйітханаларда да, тіпті көшедегі шұғыл жабдықталған ауруханаларда да бос орын жоқ. Коронавирус жұқтырған достарыммен де сөйлестім. Олар екі аптадан бері үйде жатыр, жағдайлары ауыр: дене қызуы 40 градусқа жетіп, диарея, құсу, жүрек айну белгілері байқалған. Олар ауруханаға жата алмайды, өйткені орын жоқ. Ауру жұқтырған дәрігерлер барлығына сабырмен, төзіммен қарайды, өйткені жұмыс бабымен аурудың қалай өтетінін көрген. Қатардағы азаматтарда аурудың негізгі белгілерімен қоса, үрей мен қорқыныш бар», - дейді Алина Кириловская.

Спикер тұратын округте мектептер мен колледждер, кеңселер, жеке емханалар, сұлулық салондары және өзге де қызмет көрсету нысандары жабылған. Оқу жылының соңына дейін қашықтан оқыту форматы сақталады.

«Сәуірдің ортасынан бастап супермаркеттердің кіреберісіне қоршаулар қойылып, кезекпен кіретін болдық. Есесіне бензин айтарлықтай арзандады: бір галлон (4,5 литр) үшін 2,29 доллар, бензиннің ең арзан түрінің бағасы 1,53 долларға дейін төмендеді. Тек сапарлап баратын жердің жоқ екені өкінішті», - дейді Алина.


Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік төлемдер және жұмыссыздарды қолдау

«Әдеттегі уақытта қызметкер жұмыстан босатылса немесе дәлелді себептермен жұмыстан шығарылса, жәрдемақы алған кезде ол белсенді түрде жаңа жұмыс іздеуге және оны дәлелдеуге міндетті еді. Енді уақытша жұмыссыздардың барлығы жұмысынан айырылу себебін көрсететін бағанға «коронавирус» сөзі мен жұмысқа шамамен қайтып оралу күнін жазады», - деді Алина Кириловская.

Оның айтуынша, Федералдық төтенше жағдайлар кезінде халықты қолдау қоры жұмыссыздарға төленетін жәрдемақылардан басқа, уақытша жұмыссыздарға аптасына 600 доллардан бөлді. Бұл шамамен жалақының 60% құрайды. Сонымен бірге, сәуірдің ортасында тұрғындардың көпшілігі АҚШ президенті Дональд Трамптың 1200 доллар көлеміндегі біржолғы төлемін алды.

Қазір пандемия кезеңіндегі жалгерлік және ипотекалық төлемдерді кейінге қалдыру/тоқтату мәселелерін талқыланып жатыр. Әрине, бұл бастаманы халық жақсы қабылдады, бірақ қаржы секторы мен президент әкімшілігінің кейбір өкілдері мұны ел экономикасына қосымша соққы деп санайды. Трамп уәде еткен 1200 долларды барлық салық төлеушілер ала алмайды. Тек елде тұруға заңды мәртебесі бар адамдарға, яғни, АҚШ азаматтары мен тұрғындарға (Грин карта иелері) беріледі. Заңды мәртебесі жоқ, бірақ үнемі салық төлейтін иммигранттар қосымша мемлекеттік қолдау ала алмайды», - дейді ол.


Карантинде дүкендер қалай жұмыс істейді

Алина Кириловская азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердің, дәріханалардың жұмыс уақыты қысқарғанын атап өтті.

«Мәселен, тәулік бойы жұмыс істейтін Walmart гипермаркеті қазір 20:00-де жабылады. Азық-түлік, ауыз су, жеміс-жидек, ет, алкогольді ішімдік, тазарту құралдары сынды көптеген тауарды тапсырыспен алдыруға болады. Немесе арнайы автотұрақ арқылы тапсырысты алып кетуге рұқсат етілген. Ақысы супермаркет сайтында онлайн төленеді және дүкен қызметкері тауарды жүксалғышқа тиеп береді. Осылайша, тұрғындардың дүкенге кіріп, инфекция жұқтыру қаупін азайтады. TJ Maxx, Marshalls сынды танымал универмагтер карантинде жұмысын толық тоқтатты, тіпті онлайн тапсырыс та қабылдамайды. Қару дүкендері керісінше белсенді сауда-саттыққа кірісті. Заң жүзінде қару рұқсат етілген штаттарда америкалықтар оқ-дәрілер мен қаруды көптеп сатып алып жатыр. Жергілікті билік мұндай белсенділікті байқап, мәселені реттегісі келді. Бірақ, заң қабылдауға бірнеше апта қажет, ал қару бірнеше сағатта-ақ сатылып кетеді.

Кинотеатрлар толығымен жабылды. Мейрамханалар тапсырыс қабылдап, жеткізумен айналысады. Тапсырыс төлемін (шамамен 5 доллар) үнемдегісі келгендер тапсырысты мейрамханадан өздері алып кете алады. Дәріханалар да тапсырыс қабылдайды немесе автокөлікпен шықпай-ақ, арнайы терезеден дәрі сатып алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, клиенттерге қолайлы болуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Жалдау, коммуналдық қызметтер төлемін тұрғындар онлайн немесе чек жіберу арқылы төлей алады», - дейді А. Кириловская.


Әр штаттың өз карантиндік шаралары бар

Мамандардың болжамына сәйкес, АҚШ-та коронавирустың таралу шыңы мамырда тіркеледі. Оның үстіне, әрбір штаттың өз карантиндік шаралары бар.

«Мәселен, эпидемия қысқы каникулдың қызған шағында басталған Флоридада елдің әр түкпірінен жағажайға келген студенттерді полиция тыныштандыра алмады. Наурыздың басында жағажайлар жабылды, ал студенттер үйлеріне кетті. Бірнеше күн бұрын Флорида губернаторы таңертеңгі 8:00-ден 11: 00-ге дейін және 17: 00-ден 20: 00-ге дейін жағажайлар ашылатынын жариялады, бірақ халықты карантиндік қашықтықты сақтауға шақырды. Біздің Вирджинияда кейбір саябақтар мен таулардағы серуен жолдары ашық күйінде қалды. Бірақ, қазір онда да адам қарасы көбейіп келеді», - деді Алина Кириловская.

Сонымен бірге, А.Кириловская карантиндегі полиция қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.

«Шын мәнінде біздің округте карантинді сақтаудың қатаң ережелері жоқ. Полиция қызметкерлері көшеде, саябақтар мен жағажайда патруль жүргізеді. Билік үйдегі зорлық-зомбылықтың көбеюі жағдайына дайын екендіктерін жеткізді. Бұл да дұрыс шешім, өйткені карантинде агрессормен бір үйде отыруға мәжбүр адамдар бар. Отбасындағы зорлық-зомбылық - бүкіләлемдік мәселе. Мұндайда қорғауға әзір қорғайтын заң, полиция бар екенін білетін тұрғындар өздерін жайлы сезінеді», - дейді А. Кириловская.

Жалпы алғанда, халық позитивті көңіл-күйде бір-біріне қолдау көрсетіп жатыр.

«Госпиталь қызметкерлеріне тебірентерлік хаттар жазып қалдырады. Мейрамхана иелері медбикелерге, өрт сөндірушілерге, полицейлерге және басқа да қызметкерлерге тегін тамақтар жібереді. Мұғалімдер мен мектеп әкімшіліктері таңғы ас пакеттерін әзірлеп, оқушылардың үйлеріне жібереді. Америкалықтар, үкімет мүшелері, Билл Гейтс бастаған меценаттар вакцинация мәселелерін ашық талқылап жатыр», - деді Алина Кириловская.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Канат Токабаев
Канат Токабаев
954-059

MURAǴAT