АҚШ-тан келген маман қарағандылық ұстаздарға курс өткізді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық мұғалімдер ең жаңа зертханалық жабдықтармен жұмыс жасауды үйренді. Заманауи құрылғыларды пайдалану курсын АҚШ-тан келген маман өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Химия, физика және биология пәндерінің мұғалімдері шетелдік маманнан үйренген білімін тәжірибе жүзінде қолданып, оқушылармен бірге ғылыми зерттемелер мен сынақтар өткізетін болады. Бұл өз кезегінде дәрістерді анағұрлым қызығырақ етуге септігін тигізеді.

«Қарағандылық мектептерге физика, химия және биология пәндерінің сабақтары үшін интерактивті зертханалар сатып алынды. Қазіргі таңда ондай зертханалар жүзден астам оқу ордасында орнатылған. Енді ол жабдықтарды қолдана алу үшін педагогтарды оқыту мәселесі көтерілді. Kazdidac қауымдастығы және «Базисный магазин» компаниясымен бірлесе отырып, біз мұғалімдерге арналған курс ұйымдастырдық. Ол үшін АҚШ-тан датчик өндіретін компанияны таныстыратын тернерді арнайы шақырттық», - дейді Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Есбол Арынов.

Курсты тыңдауға облыстың бірнеше қаласы мен аудандарындағы 10 мектептің мұғалімдері жиналды. Жаттықтырушының жетекшілігімен олар түрлі датчиктердің жұмысын меңгерді: магнит күштерін, дыбыстық толқындарды, жүрек ырғақтарын, өсімдіктер фотосинтезін өлшеді және басқа зерттеулерді өткізуде тәжірибе жинақтады.

«Менің міндетім - мұғалімдерге ғылыми зертханада заманауи технологияларды қолдануды үйрету болды. Бұл - оқу процесіне енгізілетін жаңа жабдықтар. Оны пайдалану аясы тек физика, химия немесе биология сияқты пәндермен ғана шектеліп қалмай, одан да кең ауқымды қамтиды. Мысалы, ол физиология немесе жер туралы ғылым болуы да мүмкін. Бұл датчиктердің артықшылығы - мұғалімге де, оқушыға да аз уақыт ішінде үлкен жұмыс атқаруға мүмкіндік береді. Көп жазудың қажеті жоқ - компьютер өзі барлық деректерді жинайды, тіркейді, олардың кестесін жасайды. Жабдықтар пайдаланушылар үшін қарапайым, онымен 14 жастан жоғары оқушылар жұмыс істей алады» , - деп түсіндірді тренер Джерард Эзкурра.null

Американдық маманның айтуынша, тыңдаушылар барлығын жылдам меңгеріп отырған. Шетелдік оқытушыға жергілікті мұғалімдердің өз оқушыларының игілігі үшін жаңа білімге деген ұмтылысы қатты ұнаған екен.

«Мен биология пәнінен сабақ беремін. Бұл курс өте қажет және пайдалы. Білімнің жетіспеуінен біз бұл жабдықты қалай пайдалану керектігін білмедік. Енді зертханалық жұмыстарды әртүрлі зерттеулермен толтыра аламыз. Жаттықтырушы бізге барлығын өте қызықты етіп көрсетті. Мысалы, фотосинтез бойынша тәжірибе жүргізіп, өсімдікті түрлі жарықта колбаға орналастыра отырып зерттеулер жасадық», - дейді Қарағанды қаласы №79 орта мектебінің мұғалімі Ләззат Көбенова.

Сонымен қатар, мұғалімдер шет тілінің маманымен тәжірибе алмасты. Себебі оқытушы сабақты ағылшын тілінде өткізді.

4 күндік курс аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға сертификаттар табыс етілді. Бұл оларға келешекте әріптестерін оқыту үшін тренер болуға мүмкіндік береді.

null

Соңғы жаңалықтар