АҚШ-тан келген байқаушы: мені адамдардың ынта-ықыласы қызықтырды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Wikistrat Global Consultancy» аға ғылыми қызметкері Ричард Уильям Вейтцт Алматыдағы сайлауды бақылау барысында алған алғашқы әсері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ричард Уильям Вейтцтың айтуынша, Қазақстанға тәуелсіз байқаушылар миссиясынан төрт адам келген, үшеуі Астанада жұмыс істеп жатыр.

«Біздің басты мақсатымыз – дауыс беру процесін көру, сонымен қатар маңызды тағы бір мақсат – Қазақстандағы саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай контекстінде сайлауды бақылау және бағалау үшін кеңірек контекстті қамтамасыз ету», - деді ол.

Ричард Уильям Вейтцтың пікірінше, Қазақстанда өтіп жатқан маңызды саяси науқанға АҚШ өкілдерінің байқаушы болуы маңызды.

«Біз трансұлттық лаңкестікпен күрес, аймақтық қақтығыстарды реттеу, экономикалық ресурстарды игеру, әлеуметтік-экономикалық даму сияқты салаларда ынтымақтасамыз», - деп атап өтті АҚШ атынан келген байқаушы.

Спикер түске дейін 12 сайлау учаскесіне барып үлгерген.

«Мені бұл сайлауда халықтың ынта-жігері қызықтырды. Өйткені тәуелсіз кандидаттар, плакаттар мен үгіт-насихат жұмыстары өте көп. Әзірге ешқандай заңбұзушылықты көрмедім, сайлау тыныш өтіп жатыр», - деді Ричард Уильям Вейтц.


Соңғы жаңалықтар