АҚШ-тағы сайлаудан Қазақстан ұтысқа шықты - Эдвард Люттвак

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тағы сайлаудан Қазақстан ұтысқа шықты.

Бұл пікірді бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Астана» клубының екінші отырысында Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының аға кеңесшісі Эдвард Люттвак білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Америкалық сайлаудан Қазақстан ұтысқа шықты. Өйткені, Трамп мырза инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске қосуға және оған бір триллион жұмсауға ниет танытып отыр. Осы орайда мен Қазақстан үшін ядролық қарусыздануда жаңа мүмкіншіліктер ашылатындығын айтқым келеді. Өйткені, біз көптеген елдің ядролық қарудан бас тартқанымен, шындығында, Қазақстан ғана зерттеулерден де, тестілеу орталықтарынан да, тестілеу полигондарынан да түбегейлі арылғандығын айта аламыз. Сіз Семей туралы айттыңыз. Бұл ретте бір өңір немесе бір қала ғана емес, іс жүзінде бүкіл ел ядролық қарудан толықтай азат болды.  Бұл барынша табысты жоба еді. АҚШ, Ресей және Қазақстан онымен көптеген жылдар бірге жұмыс істеді. Сондықтан осынау адамгершілік беделге ие бола отырып, Сіз жаңа көшбасшы ретінде сөз сөйлеп, дәл осы - ядролық қарусызду саласында жаңа бастаманы іске қоса алар едіңіз», - деді ол Қазақстан Президентіне қарата.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Солтүстік Корея өзінің ядролық бағдарламасымен қарқынды жұмыс істеп жатқандығын, алайда әлемде ешкім де оған қарсы шара қолданбай отырғандығын баса айтты.

«Әрине, барлығы да қадағалап, не орын алып жатқанын тіркеп отыр. Бірақ, еш әрекет жоқ. Ресей, Қытай сынды ірі ойыншылар Солтүстік Кореяның жақын досы бола отырып, ештеңе істемей жатыр. Әлем осынау жаңа алаңдатарлық сын-қатермен бетпе-ет келуде. Бірақ, бұл жерде мүмкіншіліктер де бар», - деді ол.

Эдвард Люттвактың айтуынша, әлемге ядролық қарусыздану саласындағы әлеуетті жетілдіруге мүмкіндік беретін ядролық қарусыздану мәселесі бойынша жаңа ұйымдастыру орталығы қажет. Аталған орталық шешімдер әзірлеу үшін интеллектуалды ресурстарды жинақтауға және оны өмірге енгізуге қызмет ете алар еді.

Соңғы жаңалықтар